Ақтөбеде лаңкестерді ұстауға арналған арнайы операция жүргізілген пәтерге қарама-қарсы баспананың тұрғындары эвакуацияланбаған болып шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі жергілікті тұрғын Бақытгүл Төремұратоваға сілтеме жасап.
Ақтөбеде лаңкестерді ұстауға арналған арнайы операция жүргізілген пәтерге қарама-қарсы баспананың тұрғындары эвакуацияланбаған болып шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі жергілікті тұрғын Бақытгүл Төремұратоваға сілтеме жасап.
Әйелдің айтуынша, оның пәтері лаңкестер жалға алған пәтермен бір баспалдақ алаңында, яғни қарама-қарсы орналасқан. Арнайы операция кезінде ол үйде 20 жастағы ұлымен және кәмелетке толмаған жиенімен бірге болыпты. Сол күні түнде үйіне қайтып келе жатқан күйеуін полицейлер тоқтатып, үйге кіргізбей қойған екен.
"Кеше кешке жұмыстан кеш келдім. Кешкі асты дайындағаннан кейін қалғып кетіппін. Қарама-қарсы пәтердің иесі тәуліктеп жалға беретін еді. Лаңкестерді көргенім жоқ. Үйде 20 жастағы баламмен және жиеніммен бірге болдым. Айғайды естіген кезде түсінбей қалдым. Әдетте біздің аула өте тыныш болады, бұларды лаңкестер деп ойлаған жоқпын. Бізге ешкім хабарласқан жоқ, ештеңе білмедік", - дейді ол.
Бақытгүлдің айтуынша, атысты ол түнгі сағат 2.00 шамасында естіген. "Қатты қорқып кеттім. Дегенмен ешқайда тығылған жоқпын, балалар ұйықтап жатқан бөлмеге кірдім. Қатты қорықтық. Таңғы сағат 6.30-ға дейін полицейлер олардан берілуді сұрады, қасиетті ай екенін айтты, кейін кімге ренжіп жүргендерін сұрады. Ары қарай тыңдауға қорықтым. Нәтиже шықпағаннан кейін шабуыл жасады", - деді жергілікті тұрғын.
Төремұратованың айтуынша, атыс сағат таңғы 9.30 шамасында тоқтаған. "Осы кезде маған жоғарыда тұратын көршім хабарласып, қайда екенімді сұрады. Ол маған түнде барлығының эвакуацияланғанын айтты. Сол кезде терезеден қарап, полицейлерден бізге не себепті ескертпегенін сұрадым. Олар "көмек керек пе?" деп жауап берді. Мен оған "жоқ" дедім. Сол кезде маған еденге жатып, ешқайда шықпауды, есікті ашпау керек екенін айтты. Бұл уақытқа дейін есігім ілмекпен ғана жабылып тұрған еді. Осыдан кейін ұлымды ояттым, ол ақырындап есікке барып, ішінен жауып алды", - дейді әйел.
Еске салайық, ҚР ҰҚК мәліметінше, бүгін түнде жүргізілген арнайы операция кезінде 4 лаңкестің көзі жойылды. "Жедел-іздеу іс-шаралары нәтижесінде террористердің Некрасов көшесіндегі тұрғын үй пәтерінде тұрғандығы анықталды. ҰҚК және ІІД арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен террористер тұрған пәтер қоршауға алынып, блокадаланды. Қауіпсіздік шараларын қадағалай отырып, тұрғындарды эвакуациялау қамтамасыз етілді", - делінген хабарламада.
© Tengrinews.kz
Биыл 5 маусымда Ақтөбеде теракт болған еді, оның салдарынан ондаған адам қаза тапты. Қазақстанда террорлық қауіптің сары деңгейі, ал Ақтөбеде қызыл деңгейі енгізілді.