Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған қайғылы жол апаты бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Дүйсенбі, 8 маусым күні сотта қаза тапқан үшінші бойжеткеннің (2005 жылы туған) отбасы сөз сөйледі, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Дүйсенбі күні таңғы сағат 10.00-ге жоспарланған сот отырысы 45 минутқа кешігіп басталды. Белгілі болғандай, куәгерлердің бірі онлайн режимде қосыла алмаған.
Бүгін сотта марқұм Т-ның анасы сөз сөйледі.
"21 наурыз күні таңғы сағат 9-да маған хабарласып, қайғылы жағдайды естіртті. Осыдан кейін мен мәйітханаға тануға бардым. Мен оның туған анасымын. Бүгінгі таңда ешқандай шағымым жоқ. Барлығы заң жүзінде болсын, сот қалай шешсе, солай болады", - деді ол.
Сондай-ақ ол арызды өз қолымен жазғанын хабарлады.
"Шағымым жоқ. Сотталушыға да, басқаға да", - деді ол.
Сонымен қатар сотта арыз оқылды.
"Жол-көлік оқиғасының ауыр салдарына және қызымның қазасына қарамастан, мен және менің жақын туыстарым А.П.-ны кешіреміз. Біз толық татуластық. Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінеді, кешірім сұрады. Келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық көлемде өтеді, мұны біз растаймыз. Қазіргі уақытта менің және басқа туыстарымның А.П.-ға ешқандай материалдық немесе моральдық талабымыз жоқ. Сондай-ақ болашақта да болмайтынын растаймыз. Татуласу өз еркімізбен болды, оның салдары бізге түсіндірілді. Шешім саналы түрде қабылданды", – делінген арызда.
Өтініш қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
Қаза болғандардың отбасы Zeekr жүргізушісіне шартты жаза сұрап отыр
1 маусымда Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша басты сот талқылауы басталды. Отырыста зардап шегушілер сөз сөйледі.
Сотта қаза болған екі адамның – 1996 жылғы Mercedes жүргізушісі мен 2003 жылғы жолаушы қыздың туыстары сотталушымен татуласып, оған шартты жаза тағайындауды сұрады. Қаза болған бойжеткеннің анасы 100 миллион теңге талап арыз бермек болған өз өкілдерінің қызметінен де бас тартты.
Фото © Tengrinews.kz
Айыпталушының өзі сотта болған оқиға бойынша кінәсін мойындайтынын мәлімдеді.
3 маусымда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Мәжілісте өткен брифингте түсініктеме беріп, тараптардың татуласуы жол апаты туралы істің нәтижесіне қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді. Оның айтуынша, тіпті жәбірленушілердің ұстанымы да айыпталушының қылмыстық жауапкершіліктен құтылуына жол бермейді..
Жүргізушіге қандай айып тағылып отыр және оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Күдікті А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша айыпталып отыр.
Айыптау актісі
Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы А. П. – Zeekr 001 автокөлігінің иесі әрі жүргізушісі – рөлге мас күйінде отырған.
Сондай-ақ айыптау мәліметтеріне сәйкес, көлікте тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірі болған.
"Жүргізушіге көлікті тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін мемлекеттік нөмірлермен басқаруға тыйым салынады. Алайда сотталушы әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірі тағылған Zeekr 001 көлігімен келе жатып, шамамен сағат 3:30-да белгіленген жылдамдық режимін сағатына 80 шақырымнан асырып жіберген және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолданбаған. Осылайша ол жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына үнемі қауіп төндірген. Меңдіқұлов көшесімен қиылыста сотталушы қарсы бетке шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан", – деді прокурор.
Соқтығысу салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі, сондай-ақ оның 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушысы.
Айыптау актісін оқу кезінде қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік берді.
Сотталушы қандай жылдамдықпен жүрген?
Сондай-ақ прокурор сотқа айыптаудың негізі болған ресми сараптамалардың қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, сотталушы жеңіл дәрежелі мас күйінде болған, ал соқтығысу алдында оның көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.
Сотталушы өзіне тағылған айыптың мәнін түсінетінін мәлімдеп, БАҚ-та суреті мен анкеталық мәліметтерін жарияламауды сұрады. Сондай-ақ ол істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.
ҚР ІІМ видеосынан кадр
"Өз іс-әрекетімді ақтамаймын" – Zeekr жүргізушісі
Төрағалық етуші судья тараптардың басты сот талқылауын өткізу форматы туралы пікірін тыңдағаннан кейін, сотталушы А. П. қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады.
"Ешқандай сөз де, ешқандай іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайтынын түсінемін. Әр отбасына қаншалықты қайғы әкелгенімді білемін. Өз іс-әрекетімді ақтамаймын. Ештеңеге үміт артпаймын, ештеңеден дәметпеймін. Заңға сәйкес жазамды толық өтеуге дайынмын. Тек бостандыққа шығып, қолдан келгенше отбасыларыңызға көмектескім келеді. Өзімді кешірмеймін және сіздерді ұмытып кетпеймін. Кешіріңіздер", – деді ол.
Отырыс аяқталғаннан кейін журналистер қаза тапқандардың туыстарымен сөйлеспек болды, бірақ олар пікір беруден бас тартты. Қаза болған қыздардың бірінің отбасының ұстанымы туралы олардың өкілі Мейірман Шекеев егжей-тегжейлі айтып берді.
"Біздің тарап материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап арыз беру ниетінде. Біз моральдық шығын ретінде 100 миллион теңге талап етеміз, өйткені адам өмірі баға жетпес құндылық. Сондай-ақ марқұм автокөлік сатып алу үшін несие алған болатын – қазір ата-анасы оны әлі де төлеп жатыр", – деді Шекеев.
Сондай-ақ Мейірман Шекеев қаза тапқандардың бірінің отбасы сотталушымен татуласуға келіскенін қосып өтті.
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
12 мамырда істі тергеу аяқталды. 28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшысын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Дау салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Сондай-ақ ІІМ тергеудің жаңа мән-жайын хабарлады.
"Полиция департаменті басшылары бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру де, қылмыстық істер де аясында медиа кеңістікте таратылып жатқан ақпаратты қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексерілетін болады", - деп хабарлады бұған дейін департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілгені туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.
Тағы оқыңыз: “Үш адамның өмірі үшін 10 жыл тым аз“ - марқұмдардың жақындары Алматыдағы ірі жол апаты туралы