11 мамыр 2018 09:58

"Әлемді өзгертетін стакан". Миллион теңге ұтқан стартап авторлары өз жобасы жайында айтып берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған "Идеал" тобы "Жас толқын" студенттік олимпиадасында "Ең креативті идея" номинациясы бойынша үздік деп танылып, 1 миллион теңге қаржылай сыйақыға ие болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 


Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған "Идеал" тобы "Жас толқын" студенттік олимпиадасында "Ең креативті идея" номинациясы бойынша үздік деп танылып, 1 миллион теңге қаржылай сыйақыға ие болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Бұл аталым бойынша 1 миллион теңге ұтып алған студент қыздар, яғни жоба авторлары Айнұр Бақытжанова, Асель Бейсимбаева және Айжан Мамытова. Студенттер Useful Green Cup деп аталатын жобасы жайлы толығырақ әңгімелеп берді. 

"Қазақ тілінде "пайдалы жасыл стакан" деп тура аударсақ түсінікті. Біз ұсынып отырған тауар ол болашақ жасыл әлемнің бейнесін айқындайтын, сұлу жасыл желекке айналдыратын пайдалы кесе. Шын мәнісінде елімізде бір жылда 45 миллион тонна қоқыс қалдықтары шығарылады, оның 2 пайызы қайта өңделеді. Ал біз күнделікті тұтынатын, пайдаланатын қағаздан, полиэтилен материалдарынан жасалған ыдыстар 3 рет қана өңделеді. Біздің ұсынып отырған тауарымыз осы экологиялық проблемаларды шешуде табылмас шешім", - дейді жоба авторлары.


Айнұр Бақытжанова, Айжан Мамытова және Асель Бейсимбаева 

Қыздардың айтуынша, пайдалы жасыл стакан бұл 3 реттік өңделген қағаздан жасалған. Соңғы рет өңделудегі қағаз өз кезегінде арзан материал, жас ғалымдар осыны пайдаланып, алғашқы өндіріліп шыққан қағаз стаканды екі есе арзан бағада сатып алады. Бірақ мұнда бір ескеретін жағдай - қайта өңделген қағаз алғашқы өңделген қағаздан кем түспейді және адам денсаулығына зияны жоқ.

Дайын қағаз стаканға арнайы технологиялық тәсілдермен жасалған түрлі дәнді крахмалды-йодталған лента жабыстырылады екен. Осылайша стақанға ыстық су, шай, кофе құйылғанда, дән отырғызылуға дайындалып ашылады.

"Содан кейін, стакан ішіне өсімдікті отырғызуға  топырақты және  дәндік-лентаны салып, бір қайтара лента бетін топырақпен жауып күн түсетін жерге қойып қоямыз. Useful Green Cup ерекшелігі қағаздың өзі күн сәулесін бойынан тез өткізетіндігі", - дейді студент қыздар.

Useful Green Cup төрт өнім түрін шығарады, олар үй жағдайында өсіруге болатын балғын шөптері, үй жағдайында өсіруге бейімделген гүлдер, лимон ағашы, дала гүлдерін, ағаштарын үй жағдайында өсіру.

"Біз жоспарланған көлемде қаражат жиналғаннан кейін, біз өсімдік дәндерін стаканның ішінде престеліп жасалатындай еритін қағаз стакан шығарамыз. Бұл стаканның жұмыс істеу механизмі мынадай: стакан ыдыспен кофе, ыстық сусын ішкеннен кейін сол стаканды жерге тастайсыз, содан бұл қағаз 180 күннің ішінде еріп, ішіндегі дәндер жерге түседі, осылай ірі ормандарда өсіретін ағаштар санын көбейткіміз келеді. Бұл стаканның алғашқы өнімнен ерекшелігі тауарды тұтынушы осы стаканды арнайы қоқыс жәшіктеріне тастайтындығы. Біз өз кезегімізде осы стакандарды алып алыс аймақтарда осы стакандағы дәннің жерге түсіріп, өмірін жалғастыруға күтім жасап, жасыл желектер санының артуына жағдай жасаймыз", - дейді жоба авторлары.

Қыздардың стартапына көмектескен топ жетекшісі Рима Саутбаеваның айтуынша, жас болғаннан кейін олардың ойына көптеген идеялар келеді, алайда оны жүзеге асыру үшін қаржы жағынан қиындыққа тап болады. 

"Елбасы Қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отырған осы сияқты ғылыми жобалар байқауы өзіндік ойы һәм жобасы бар жастарға қолдау көрсетуге көп мүмкіндік береді. Сайысқа еліміздің өңірлерінен 40-тан астам студент келді. Соның ішінде Қыздар университетінің білімгерлері өзгелерден оқ бойы озып шығып, үздік атанды", - дейді топ жетекшісі, Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы Рима Саутбаева.

Айта кетейік, бұл ғылыми жобалар байқауы осымен төртінші рет өтіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың мақсаты қазақстандық студенттердің шығармашылық әлеуетін арттыру және жастарды ғылыми кеңістікке интеграциялау. Байқауға Алматы, Астана, Павлодар, Ақтөбе мен Шығыс Қазақстандағы жоғары оқу орындарының білімгерлері қатысты.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети