Алимент төлемей жүрген 16 мың борышкерге Қазақстаннан шығуға тыйым салынды

14 миллиард теңгеге алимент төлемей жүрген 16 мың қазақстандыққа елден шығуға тыйым салынды, екі мыңнан астам адам іздеуде жүр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Баланы асырау мәселесін бейбіт жолмен шешу кез келген ерлі-зайыптылардың қолынан келмейді. Бұл жағдайда дау сотта шешіледі. Әділет министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда балаларына 14 миллиард теңгеге жуық қарызы бар 80 мыңнан астам адам бар. Сот орындаушыларында 305 мыңға жуық атқарушылық құжат өндірісте жатыр. Өңірлер тұрғысынан алғанда борышкерлердің ең көп саны Астана мен Алматыда.

Заңгерлердің айтуынша, төлем көлемін азайту үшін нақты табысын әдейі төмендететін жағдайлар да көп.

"Көбінесе мәселе сот орындаушыларының алиментпен айналысқысы келмейтіндігінде, өйткені алимент туралы атқарушылық іс жүргізу мемлекеттен төленеді, бұл өте аз сома", - дейді адвокат Илья Лунев.

Заң тіпті жұмыссыздарды алимент төлеуге міндеттейді. Сонымен қатар, борышкерге қылмыстық іс қозғау үшін үш ай ғана ақша аудармау жеткілікті. Ең жақсы жағдайда қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін, ең жаманы - екі жылға дейін бас бостандығынан айыру. 2022 жылы соттар жүзден аса қазақстандықты қылмыстық жауапкершілікке тартты.

"Мысалы, егер борышкер бір жыл бұрын айына 500 мың теңге табыс тапса, ал кірістер туралы анықтамада ол 70 мың теңге алатынын көрсетсе, онда сот орындаушысы тексеруге бастамашы бола алады. Біз шоттарды тексереміз, шығындарды қарастырамыз. Егер алимент төлеуші тұрғын үйді жалдау ақысын төлесе, несиесін өтесе, күніне 10-20 мың теңге жұмсаса, онда ол өзінің нақты табысын жасырады деген күдікке ілінеді. Мұндай жағдайларда біз ақпарат жинап, ішкі істер органдарына ұсыныс жібереміз. Жеткілікті ақпарат болған жағдайда оған қылмыстық іс қозғалуы мүмкін", - деді Астана қаласы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Саламат Әділбекұлы.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!