16 мамыр 2022 10:09

Алматы облысындағы көшкін. Тоқаевтың Ресейге ұшып келуі. Демалыс күндері Қазақстанда және әлемде не болды?

Tengrinews.kz тілшісі демалыс күндері болған маңызды ақпараттарға шолу жасады. 


Tengrinews.kz тілшісі демалыс күндері болған маңызды ақпараттарға шолу жасады. 

Eurovision-2022 байқауында украиналық топ жеңіске жетті

14 мамырда Туринде Eurovision ән байқауының финалы өтті. Онда украиналық Kalush Orchestra этно-рэп тобы жеңіске жетті. Қазылар алқасының дауыс нәтижесі бойынша Украина төртінші орында болған, бірақ содан кейін халық дауысының көрсеткіштері жарияланып, Kalush Orchestra турнир кестесінде үлкен басымдықпен бірінші орынға шықты. Көрермендер топқа мүмкін болған 480 ұпайдың 439-ын берген. Топ 631 ұпай жинады.

Тараз маңындағы апат: автобуста болған тағы бір Өзбекстан азаматы көз жұмды

Жамбыл облысында жол апатынан зардап шеккен тағы бір өзбекстандық тұрғын Жуалы аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмды. Осылайша, жол апатынан қаза тапқандар саны үшке жетті. 12 мамырда күндіз Тараз маңындағы Алматы-Шымкент тасжолында жолаушылар автобусы жол апатына түскен. Салонда 51 адам болған, оның 46-сы - Өзбекстан тұрғындары.


Фото "Хабар 24" сайтынан

АҚШ-та супермаркетте ер адам атыс шығарды: 10 адам қаза тапты

Американың Буффало қаласында 10 адам қаза болды, онда белгісіз адам супермаркет пен оның маңында оқ жаудырды. Бұл туралы жергілікті Buffalo News басылымы жазды. Басылым мәліметінше, тағы үш адам зардап шеккен, олардың екеуінің жағдайы ауыр. Полиция бұған дейін оқ жаудырған адамды ұстағанын хабарлаған болатын. 

Маңғыстау облысындағы мердігер компанияларға 14 миллион теңге айыппұл салынды

Маңғыстау облысында баспана құрылысында заңбұзушылыққа жол берген мердігерлер 14 миллионнан астам теңге айыппұл төлейді. Прокуратура келтірген мәліметтер бойынша, кейбірі тұрғын үй кешендерін салуды мемлекеттік сараптама нәтижесін күтпестен бастап кеткен. Тағы бірінің жобалық-сметалық құжаттары болмай шықты. Құрылыс-монтаж жұмыстарын рұқсатсыз жүргізіп жатқандары да анықталды. Жинақталған мәліметтер мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданған. Олар өз кезегінде құрылыс компанияларын айыппұл төлеуге міндеттеп отыр.

Қазақстан тумасы карьерасында алғаш рет жеңіліп, WBO белбеуінен айырылды

Қазақстанда дүниеге келіп, бірақ қазіргі уақытта Германияның намысын қорғайтын боксшы Роман Фресс жартылай ауыр салмақта WBO ұйымының құрлықтық белбеуінен айырылып қалды. Магдебургте (Германия) өткен бокс кешінде ол карьерасында бірінші рет жеңілді. Осыған дейін Фресстің еншісінде 15 жеңіс бар еді. Бұл кездесуде Фресстің қарсыласы косоволық Арменд Хождай болды. Қазақстан тумасы он раундтың қорытындысы бойынша 92-98, 94-96, 96-94 есебімен жеңіліп, белбеуінен айырылды. 


©sportschau.de

Маңғыстауда кептелістен заңсыз айналып өткен полицей жазаланды

Маңғыстау полициясының қызметкеріне жол жиегімен жүріп өткені үшін хаттама толтырылды. Қызметтік көліктегі жүргізуші осылайша, кептелісті айналып өткен. Желіде тараған видеодан жүргізушілердің көзінше патрульдік көлік қиылыста жол жиегімен жайбарақат жүріп өтіп, кейін жолға қайта шыққанын көруге болады. Өңірлік полиция департаменті жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 596-бабының 1-бөлігі ("Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүру") бойынша хаттама толтырылғанын хабарлады. Енді тәртіп бұзушы 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 47 700 теңге айыппұл төлейді.

Танымал рэп-орындаушы "Астана" клубының бас директоры болды

Самсон Аракелян "Астана" баскетбол клубының бас директоры болды.

"Клубтың жалғыз құрылтайшысы "Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры" КҚ шешімімен Самсон Аракелян "Астана" кәсіпқой баскетбол клубының бас директоры болып тағайындалды", - делінген хабарламада.

Валерий Тихоненко 13 мамырда клубтың бас директоры қызметінен кеткен.


Фото: pbcastana.kz

Желіде Балалар күніне орай жәрдемақы төленетіні туралы жалған ақпарат тарады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі қазақстандықтарға 1 маусымнан бастап 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға біржолғы жәрдемақы қарастырылмағанын ескертті.

"1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға Kaspi gold мобильді қосымшасындағы әлеуметтік шот арқылы біржолғы жәрдемақы төленетіні туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды", - деді министрлік баспасөз қызметінің өкілдері.

Тоқаев БАӘ президентімен кездесті

Кеше, 15 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Зайд әл Нахаянмен кездесті. Тоқаев БАӘ президенті шейх Халифа бен Зайд әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты осы елдің жаңадан сайланған президенті, Абу Дабидің билеушісі шейх Мұхаммед бен Зайд әл Нахаянға және билеуші әулеттің мүшелері мен Әмірліктер халқына көңіл айту үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне келді. Көшбасшылардың кездесуі Абу Дабидегі Қасру-л Мушриф Президент сарайында өтті.

Фото: Akorda.kz

Алматы облысындағы көшкін: 5 жасар қыз өлі табылды

Алматы облысының Текелі қаласында лай массасы ағуы кезінде жоғалып кеткен 5 жасар қыз өлі табылды. "15 мамырда сағат 18.15-те Алматы облысы ТЖД "Багира" атты қызметтік итімен Алматы облысының Текелі қаласында лай массасының ағуы кезінде қаза тапқан 2016 жылғы қыздың денесі үйінді астынан табылды", - деді ведомство өкілдері. 

Фото: Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі

Путин Финляндияның НАТО-ға кіру туралы шешімін қалай қабылдағаны белгілі болды

Финляндия президенті Саули Ниинисте CNN телеарнасына берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путин Финляндияның НАТО-ға кіруі туралы шешімді қалай қабылдағанын айтты. Ниинисте Финляндия НАТО-ға қосылуға ниет білдіргені туралы әңгімеде Ресей басшысы ұстамдылықпен әрі сабырмен қабылдағанына таңғалғанын айтты.

"Ол мұны соншалықты сабырмен қабылдағаны тосынсый болды", - дейді Ниинисте.

Сондай-ақ, президент Финляндияға Ресейден тікелей қауіп төнеді дегенге сенбейтінін айтты.

"Менің ойымша, олар Финляндияға шабуылды сол кезде де, қазір де жоспарлаған жоқ", - деді ол америкалық телеарнаға.

Тоқаев Путиннің шақыруымен Ресейге келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге келді.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің және ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Армения премьер-министрі Никол Пашинянның шақыруымен Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өтетін мерейтойлық саммитке қатысу үшін Мәскеуге келді", - делінген хабарламада.

Ұйымның іс-шарасы бүгін, 16 мамырда Кремльде өтеді. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети