Алматыда бұған дейін әл-Фараби даңғылындағы жол-көлік оқиғасы туралы видео жариялаған Әділетхан Молдаханның ісі бойынша сот басталды. Оған көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылып отыр. Қазіргі уақытта белгілі мәліметтер – Tengrinews.kz материалында.
Әділетхан Молдахан деген кім және оған не үшін айып тағылды: басты деректер
Әділетхан Молдахан – Instagram желісінде миллионнан астам оқырманы бар блогер. Ол әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апаты туралы бірқатар жазба жариялағаннан кейін ерекше назарға ілікті. Атап айтқанда, ол апатқа полицейдің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген болатын.
31 наурызда Әділетхан Молдахан ұсталды.
Ұсталғаннан кейін Алматы Полиция департаменті Молдаханның бұрын құқық қорғау органдарында жұмыс істегенін, бірақ теріс себептермен жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Сондай-ақ оның 2023 жылы тонау дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Қазір блогерге Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы – "Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалжал ақпарат тарату" бойынша айып тағылған.
Бұл баптың санкциясында мынадай жаза түрлері қарастырылған:
- 3000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы 12 975 000 теңге),
- 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар,
- үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру.
Кім және не үшін соттасып жатыр?
Адвокат Асылбек Әбдірайымовтың хабарлауынша, іс бойынша мына тұлғалар жәбірленуші деп танылды:
- Алматы қалалық ПД бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев (сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігіне жетекшілік еткен);
- Алматы қалалық әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы – Серік Шумаев.
Екеуінің де шені – полиция полковнигі. Ұзабаевтың мүддесін қорғайтын Асылбек Әбдірайымов Молдаханның жазбаларынан кейін полицейлерге қатысты қызметтік тексеріс тағайындалғанын айтты. Тексерістен соң қызметкерлер лауазымдарынан шеттетіліп, ІІМ резервіне ауыстырылған.
"Әділетхан Молдахан өзінің Instagram парақшасы арқылы жәбірленушілер жалған нөмір таққан және терезесін қараңғылатқан "ерке-шораларды" (золотая молодежь) қамқорлығына алған, соның салдары жол апатына әкелді деп мәлімдеген. Сондай-ақ ол әл-Фарабидегі жол апаты олардың салғырттығының, әрекетсіздігінің және жол жүру ережесін бұзуға бейім жекелеген тұлғалардың мүддесін лоббилеуінің нәтижесі деп сендірген. Сараптама бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын анықтады", – деді ПД бастығы орынбасарының адвокаты.
Адвокаттың айтуынша, Ұзабаев тарапы блогерден 11 миллион теңге өндіріп алуды көздеп отыр: 10 миллион теңге моральдық зиян үшін және бір миллион теңге өкілдік шығындар үшін. Әбдірайымовтың сөзінше, оның сенім білдірушісі сотталушымен татуласуға ниетті емес.
Екінші жәбірленуші Серік Шумаевтың адвокаты Жандос Палманов та блогерге 11 миллион теңге көлемінде талап арыз берді.
Сотталушының ұстанымы
1 маусымда өткен алғашқы сот отырысында Әділетхан Молдахан сотта кінәсін толық мойындады. Бұл туралы бізге сотталушының адвокаты Нұртуған Өмірзақ мәлімдеді.
"Бұл – қорғалушымыздың шешімі. Біз адвокат ретінде оның ұстанымына сәйкес әрекет етеміз. Заңгерлік білімі бар адам ретінде ол отбасымен ақылдаса келе осындай шешім қабылдады, біз оны қолдауға міндеттіміз. Тіпті айыпталушы кінәсін мойындаса да, заң бойынша үкім күшіне енгенге дейін айыптаудың мән-жайына қатысты пікір білдіре алмаймыз", – деді Нұртуған Өмірзақ.
Сондай-ақ ол қорғау тарапы сотталушының бұлтартпау шарасын өзгертуді, істі оңайлатылған тәртіппен қарауды және медиация үшін уақыт беруді сұрағанын айтты.
Сонымен қатар қорғаушылар прокурормен процестік келісім жасасу туралы өтініш берді.
"Егер татуласу болмаса, моральдық және материалдық шығынның өтелуін, балаларының бар екенін, отбасылық жағдайын ескере отырып, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза сұраймыз. Ол екі айдан бері қамауда отыр, оның отбасы, несиелері, кеңсе жалдау ақысы және қызметкерлері алдындағы міндеттемелері бар", – деді Нұртуған Өмірзақ.
Адвокаттың айтуынша, сот бұлтартпау шарасын өзгертуден бас тартты – Молдахан қамауда қалады.
Редакция оқиғаның дамуын бақылауды жалғастырады.
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды.
Zeekr жүргізушісі аман қалып, жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. 26 наурызда тергеу соты оны қамауға алу туралы шешім шығарды. Апат кезінде оның жеңіл мас болғаны анықталды. 7 сәуірде оның ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылғаны туралы хабарланды.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-1 бабының 4-бөлігі, яғни "Мас күйінде жол қозғалысы ережелерін бұзу, екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соқтыру" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу 12 мамырда аяқталды. Алдын ала тыңдаулар 28 мамырда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында өтті.
1 маусымда екі жәбірленушінің туыстары – 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі және 2003 жылы туған жолаушы – сотталушымен татуласқандарын мәлімдеп, шартты түрде жаза тағайындауды сұрады.
Апаттың үшінші жәбірленушісі, 2005 жылы туған Т.-ның отбасы тыңдауда сөз сөйлеген жоқ. Сот жәбірленуші тараптан жауап алуды келесі тыңдауға дейін кейінге қалдырды.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшысын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Дау салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Сондай-ақ ІІМ тергеудің жаңа мән-жайын хабарлады.
"Полиция департаменті басшылары бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру де, қылмыстық істер де аясында медиа кеңістікте таратылып жатқан ақпаратты қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексерілетін болады", - деп хабарлады бұған дейін департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілгені туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.