1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Алматыда арық жүйесінен бас тарту ұсынылды17 қыркүйек 2020, 15:53

Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Алматыда урбанистер арық жүйесінен бас тартуды ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Бұл туралы мамандар Urbanforum.kz сайтында айтты. 

Белсенділер қалада арық жүйесі қалай пайда болғанын түсіндірді.

"Алғашында Орталық Азияның тау бөктеріндегі қалаларында және осыған ұқсас аймақтарда адамдар арықтарды су құбыры, суару арналары және ыстық ауаны салқындату сынды үш мақсатта пайдаланды. Бұл жүйе ортағасырлық қалаларда жұмыс істеді. Ол кезде арықтарға су таудан келетін. Алматыда яғни бұрынғы Верныйда қаланы сумен қамтамасыз ету үшін арық жүйесіне басымдық берілді. 1899 жылы осы мақсатта бас арық жүйесі салынды. Кейін ол көшелердің бойымен төмен қарай су жіберетін шлюздер жүйесімен жабдықталды. Қаланың басқа бөлігінде арықтар сирек кездесетін еді. Онда жылға мен бұлақтар болды.

Қаланың дамуына байланысты арықтар барлық жерде пайда болды. Бірақ ол жер үсті суларын бұру немесе нөсер кәрізі ретінде пайдаланылды. Ал жаңбыр жаумаған кезде және қазір де олар бос тұр", - дейді олар.

Сондай-ақ, белсенділер арықтар ағаштарды суаруға көмектеседі деген пікірді жоққа шығарды.

"Олар арқылы ағаштарды суару - екіұшты шешім. Бұрын адамдар оларды суару үшін арықтан суды алатын. Бұрыннан өсіп тұрған ағаштар жер асты суымен қоректенеді. Ал енді өсіп келе жатқан ағаштарды суарып отыру керек. Олардың тамырлары арықтың көлбеуін деформациялауы мүмкін. Бұл бір учаскеде бүкіл ағынның бұзылуына әкелуі ықтимал. Суарудың заманауи, автоматтандырылған жүйесі арықтарға қарағанда арзан әрі үнемді. Сондай-ақ, ағаштарға да зиянын тигізбейді", - дейді олар.

Урбанистер арықтарды нөсер суы ағатын желі ретінде пайдалану тиімді емес екенін айтады. Оған бірнеше себеп бар:

1. Экология

Жаңбыр суымен бірге арықтарға көптеген зиян заттар жиналады - бұл автомобиль майлары, реагенттер. Кейін олар жерасты суларын, өзендер мен топырақты ластайды. Салдарынан қоршаған орта ластанады. Оның ішінде ағаштар да бар. Бүгінде жаңбыр суы жиналатын желілерді, арықтарды тазалауді міндеттейтін заң жоқ.

2. Жерді тиімді пайдалану

Белсенділер көбінесе арықтар сусыз құрғап тұратынын айтады.

3. Қауіпсіздік

"Арықтар көшеден өткен кезде, жол жиегіндегі автотұрақтарды пайдалану кезінде қолайсыздықтар тудырады. 2017 жылы қыз арыққа құлап, көз жұмды", - дейді белсенділер.

4. Арық нөсер суы жиналатын жел қызметін атқармайды

Сонымен қатар, урбанистер Алматы арықсыз қалмайтынын атап өтті. Оларды қаланың басқа бөлігіне қайта салуға болады екен.

"Арық Алматының ерекшелігін сақтайды. Арықтардың орналасуы кварталдардың градациясы мен көшелердің бағдарлануы кезінде айқындаушы фактор болып саналады. Оларды сәнді сәулет элементі ретінде сақтау керек", - дейді белсенділер.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!