18 шілдеде Алматыда болған атыста жарақат алған төрт полицей әлі жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Денсаулық сақтау басқармасындағыларға сілтеме жасап.
18 шілдеде Алматыда болған атыста жарақат алған төрт полицей әлі жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Денсаулық сақтау басқармасындағыларға сілтеме жасап.
"Бүгінде екі науқастың жағдайы жақсарып, басқа бөлімге ауыстырылды. Дәрігерлер науқастардың жағдайын тұрақты, орташа ауыр деп бағалап отыр. Науқастар қажетті емді алып жатыр. Ал төрт полицей әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың бірі жансақтау бөлімінде есін жиды. Барлығы жүйелі түрде ем алып жатыр", - деді басқармадағылар.
Сонымен қатар, басқарма өкілдері жетекші мамандардың, яғни нейрохирургтер, нейроинсультологтар мен офтальмологтардың үнемі кеңес өткізетіні жайлы айтты. Сондай-ақ, ауруханаға түскен науқастармен психологтардың жұмыс істеп, оларға қажетті тегін көмекті көрсетіп жатқаны белгілі.
Еске салайық, 18 шілдеде Алматыда террористік акт болған еді. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды,ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлекбаев болып шықты.
Осыған дейін ІІД тергеу жұмыстары барысында18 шілдеде полицейлерді өлтірді деген күдікке ілінген Руслан Күлекбаевтың жалдамалы пәтерді анықтаған болатын. Полициядағылар пәтерде адам өміріне қауіпті заттардың бар-жоғын тексеріп шықты. Алайда, полиция қызметкерлері пәтерді тінту кезінде қауіпті заттарды таппады. Ал кеше Руслан Күлекбаев екі айға қамауға алынды.
Сондай-ақ, 20 шілдеде Алматыда терактіден қаза тапқан полицейлермен қоштасу рәсімі өтті. Қала әкімі Бауыржан Байбек те қоштасу рәсіміне қатысты. Ол барлық алматылыққа алғыс айтқан еді.
Айта кетейік, терактіден қаза тапқандардың отбасына 15 миллион теңгеден, ал зардап шеккендердің отбасына бес миллион теңгеден берілетін болды. Ал бүгін 22 шілдеде Бауыржан Байбек Алматыдағы терактіден қаза тапқан Аян Ғалиевтың отбасына пәтер кілтін табыс етті. Айта кетейік, пәтер Алатау ауданы "Саялы" ықшамауданында орналасқан. Сондай-ақ, отбасына жөндеу жұмыстары мен жаңа пәтерде орналасуға көмектесені айтылады.