Әлеуметтік желілерде қарыздар бойынша "кредиттік рақымшылық" жарияланды деген ақпарат тарады. Онда халық Алматыдағы бұрынғы Ұлттық банк ғимараты алдына жиналып жатқаны айтылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде қарыздар бойынша "кредиттік рақымшылық" жарияланды деген ақпарат тарады. Онда халық Алматыдағы бұрынғы Ұлттық банк ғимараты алдына жиналып жатқаны айтылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Несиелік амнистия" басталғаны туралы ақпарат WhatsApp желісінде тарады. Ақпаратқа сәйкес, ол үшін Ұлттық банк филиалына барып, тиісті өтініш пен құжаттарды тапсыруы керек екен.
"Егер несиеңіз болса, тез арада өтініш бере аласыз. Олар тек 15-іне дейін қабылдайды, осы мерзімге дейін өтініш беруге уақыт бар. Бүкіл Қазақстан бойынша несиелер алып тасталады. Бұл коллекторлық берешектерге, микроқаржы ұйымдары мен банктердегі қарыздарға да қатысты", - делінген хабарламада.
Хабарламада жұртты Көктем-3 ықшамауданында орналасқан ғимаратқа келуге шақырған. Мұнда бұрын Ұлттық банктің бас кеңсесі болған, ол былтыр жазда Нұр-Сұлтан қаласына көшіп кеткен.
Шынында да, 8 желтоқсанда бұрынғы Ұлттық банк ғимараты маңына көп адам жиналғаны байқалған. Мұны видеолардың бірінен көруге болады. Кадр сыртындағы дауыс "несиелерді жабады" деп жатқаны естіледі. Алайда ер адам ғимарат алдында кезек пайда болғанына шағымданады.
Бұл ақпаратты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жоққа шығарды.
"2021 жылғы 7 желтоқсанда әлеуметтік желілерде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша "кредиттік рақымшылық" жарияланыпты-мыс деген ақпарат таратылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратылған ақпараттың дәйексіздігі туралы мәлімдейді", - делінген ведомствоның Facebook-парақшасында.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта 2007 - 2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен барынша зардап шеккен ипотекалық қарыз алушылардың жеке санатына көмек көрсету үшін агенттік 2015 жылдан Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске қосқан.
"Бағдарлама талаптары бойынша қаржылық қолдау 2004 - 2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға көрсетіледі.
Бағдарламада белгіленген қаржылай көмек шаралары жалғыз баспанасы бар қарыз алушылар және халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатындағы борышкерлер үшін пайыздық мөлшерлемені 3 пайызға дейін төмендетуді көздейді. Қалған валюталық ипотекалық қарыз алушылар үшін пайыздық мөлшерлеме 12 пайыздан аспайды. Бұдан басқа, бағдарлама шеңберінде сыйақы, айыпақы (өсімпұл, айыппұлдар) және комиссиялар бойынша мерзімі өткен берешек есептен шығарылды", - делінген хабарламада.
Валюталық ипотекалық қарыздарға қатысты берешекті Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгеге конвертациялау жүргізілді.
"2020 жылғы қаңтардан бастап бағдарламаға қатысатын ХӘОТ санатындағы ипотекалық қарыз алушылар үшін қосымша көмек шаралары іске асып жатыр. Мұндай қарыз алушыларға қолдауды банктер олардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдау негізінде жеке тәртіппен көрсетуде, талдау нәтижелерінен кейін банктер қарыз бойынша берешекті төмендету және 20 000 теңге мөлшеріндегі ай сайынғы төлеммен жеңілдік берілген кестелер белгілеу туралы шешім қабылдайды. Қарыз алушылардың бұл санатына қолдау көрсету 2021 жылдың соңына дейін аяқталады", - делінген ведомство сайтында.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!