09 желтоқсан 2021 16:10

Алматылықтар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ғимаратының алдына жиналды

Гүлнара Досымшалова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото ©Tengrinews.kz Фото ©Tengrinews.kz

Алматыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ғимараты маңына несиесін кешіруді сұраған халық жиналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Алматыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ғимараты маңына несиесін кешіруді сұраған халық жиналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

9 желтоқсанда Көктем-3 ықшамауданындағы агенттік кеңсесі алдына 50-70 адам жиналды. Олар әлеуметтік желіде қазақстандықтарға "несиелік амнистия" берілетіні туралы ақпарат тарағаннан кейін жиналғандарын, өтініш бермек болғанын айтады. Түстен кейін өтініш жазғандардың саны 600-ден асқан.

Оқиға орнына Tengrinews.kz тілшісі де барды. Қазір ғимарат маңында полиция қызметкерлері кезекшілік етіп жүр. Арыз жазған азаматтар өтінішін агенттікке беріп, кетіп жатқаны хабарланды. Дегенмен ғимарат маңына келіп өтініш жазып жатқан адам саны көп.

Тұрғындар ғимарат айналасындағы аллеяларға жиналған. Олар әр жерде қолынан келгенше арыз жазып жатыр.

"Үш миллион теңге несием бар. Ақшалай алып балаларға құрылысқа бердім. Жоғары білімі бар, сауатты адам ретінде "несиелік амнистия" туралы ақпарат жалған екенін түсіндім. Алайда мен де бәрімен бірдей арыз жазу үшін келдім. Бұл туралы WhatsApp-тан достарым жіберді.

Түстен бері осында жүрміз, арыз жазып қойдым. Олардың айтуынша, жауап 15 күн ішінде жіберіледі", - дейді агенттік ғимаратына келгендердің бірі Қарлығаш есімді әйел.

Тағы бір әйел WhatsApp-тан келген ақпаратқа сеніп, осында келгенін айтады.

"Бұл ақпарат маған да WhatsApp-тан келді, онда 15-іне дейін келіп өтініш жазу керегі айтылған. Бірақ осында келгенде бәрі өтірік екенін білдім. Ипотека төлеймін, қазіргі уақытта жұмыссызбын.

Бұл қаншалықты рас екенін білмеймін. Бірақ жағдайға байланысты арыз жазуды жөн көрдім. Өйткені өтірік болса, олар мәлімдемені қабылдамас еді", - дейді аты-жөнін жасырғысы келген әйел.

Жиналғандардың кейбірі агенттік ғимаратына қарама-қарсы орналасқан Қастеев музейіне жылыну үшін кіріп жатыр.

Қастеев атындағы музей ғимараты

Аймақты бақылау үшін келген полицейлердің бірі мән-жайды айтты.

"Құқық бұзу деректерін, қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрміз. Жанжалдар болған жоқ, жағдай қалыпты. Адамдар келіп, арыз жазып кетіп жатыр", - деді Бостандық аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Молдыбаев.

Бұған дейін Алматыда "кредиттік рақымшылық" туралы хабарламадан кейін дүрбелең туғаны хабарланған болатын.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети