“Түпнұсқасы жыртылған жоқ“: студент диплом тапсыру рәсіміндегі даулы іс-әрекетін түсіндірді

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Түпнұсқасы жыртылған жоқ“: студент диплом тапсыру рәсіміндегі даулы іс-әрекетін түсіндірді Бейнеден алынған кадр

Диплом беру рәсімі кезінде құжатты сахнада жұрттың көзінше жыртып тастаған студенттің әрекетіне қатысты оқиға жалғасын тапты. Видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қызу талқыға түскеннен кейін ICB колледжі студенттің атынан ресми мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Tengri Education.


Мәлімдемеде студент кешірім сұраған.

"Әлеуметтік желілерде таралған видео үшін мұғалімдерімнен, білім беру ұйымдарынан кешірім сұраймын", - делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ студент ресми дипломның зақымдалмағанын айтты. Оның сөзінше, ол бұл іс-әрекеті үшін алдын ала құжаттың көшірмесін дайындап қойған.

"Димпломның түпнұсқасы жыртылған жоқ. Алдын ала дайындап әкелген көк қағазды жырттым. Бұл әрекетіммен ешкімді қорлағым келген жоқ. Білімнің қадірін түсіру мақсатымен жасалған жоқ. Қоғамда теріс пікір туғызады деп ойлаған жоқпын" - деп атап өтті ол.

Мәлімдеме соңында түлек болған жағдайға өкініш білдіріп, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде берді.

"Бұл қателігім үшін кешірім сұраймын және болашақта мұндай қайталанбайды", - деді студент.

Мәлімдеме жарияланғаннан кейін колледж парақшасында пікір жазу мүмкіндігі шектелді.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде диплом тапсыру рәсімінен видео тараған болатын. Кадрлардан студенттің сахнада дипломды алған бойда, оны жиналған жұрттың көзінше жыртып тастағанын көруге болады. Ролик тез арада танымал болып, қызу талқыға түсті.

Желі қолданушыларының көпшілігі түлектің бұл әрекетін білімге, оқытушылардың еңбегіне және оқу орнына деген құрметсіздік деп айыптады. Сонымен қатар кейбір пікір қалдырушылар мұндай қадамның себептері белгісіз екенін алға тартып, асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Шамиль Қарақожаның (@dauletten) жарияланымы

Видеоның астында қолданушылар түрлі пікір қалдырды. Кейбіреулер студент кейіннен дипломның телнұсқасын (дубликатын) ала алады деп болжаса, басқалары, керісінше, оған рұқсат бермеу керек деп есептеді.

"Кейін телнұсқасын ала салады", - деп жазды қолданушылардың бірі.

Кейбір қолданушылар видеода дипломның өзі емес, тек сыртқы мұқабасы ғана жыртылған болуы мүмкін деген пікір білдірді.

Қатты сын айтқандар да болды. Пікірлер арасында бұл әрекетті назар аударту немесе әсер қалдыру әрекеті деп бағалағандар кездесті.

"Жеке өзім мұндай әрекетті қолдамаймын. Оқу орны қандай болса да, кем дегенде сонда жұмыс істейтін ұстаздарға деген құрмет болуы керек деп есептеймін", - деді пікір қалдырушылардың бірі.

Басқа желі қолданушылары болған жағдайды "құрметсіздік" деп атап, түлекке құжаттың телнұсқасын бермеу керек екенін айтты.

Тағы оқыңыз: Қазақстандық оқушылар әлемдік олимпиадада сенсация жасады