Алматы – Қаскелең тасжолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі, жұмыстар жақын арада басталады, деп хабарлайды Tengri Auto.
Көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кеңесте премьер-министр Олжас Бектенов тиісті тапсырма берді. Оның айтуынша, Алматы мен қала маңындағы елдімекендердің тұрғындары бұл жолдағы кептеліске жиі шағымданады, сондықтан жобаны іске асыруға кідіріссіз кірісу қажет.
"Осы аптаның соңына дейін мердігер техника мен персоналды жұмылдыруы тиіс. Дүйсенбіде, 20 шілдеде құрылыс жұмыстарын бастау қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс", - деп тапсырды Бектенов.
Сонымен қатар премьер-министр жобаның құны тұрақты болатынын және өспейтінін атап өтті. Бұдан бөлек, алыпсатарлыққа жол бермеу үшін құрылысқа қажетті сатып алынатын жер учаскелерінің құнын 14 шілдедегі жағдай бойынша бекіту тапсырылды.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, әңгіме 8 шақырымдық учаске туралы болып отыр. Жолды сегіз жолаққа дейін кеңейтумен қатар, жобада екі көлік айрығы мен тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы қарастырылған.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл учаскенің өткізу қабілеті екі есе артады деп күтіледі. Құрылысты аяқтап, қозғалысты 2027 жылдың желтоқсанына дейін ашу жоспарланған.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, қалаға күн сайын 300 мыңға жуық автокөлік кіреді, ал қала ішіндегі көлікті есепке алғанда жалпы трафик бір миллион көлік құралынан асады.
Алматы – Қаскелең тасжолын кеңейтуден бөлек, кеңесте Алматы мен облыстың көлік байланысын жақсартуға бағытталған басқа да жобалар қаралды. Олардың қатарында Алматы – Есік және Алматы – Талғар жолдарын жаңғырту, Ұзынағаш ауылынан баламалы жол салу, сондай-ақ Абай даңғылын ҮААЖ-ға дейін ұзарту бар. Сонымен қатар билік рельсті көлік пен Алматы метрополитенін дамыту жобаларын пысықтауды жалғастырады.