Алматыда зейнеткерлерді 1,5 миллиард теңгеге алдап соққан интернет-алаяқтар тобы ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Алматы прокуратурасы мәліметінше, қаскөйлер өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қарт адамдарды жылжымайтын мүліктерін сатуға көндірген.
"Құқық қорғау органдары мен қаржы институттарының қызметкеріміз деп таныстырған қаскөйлер зардап шегушілерді жылжымайтын мүлікті сатып, ақшаны бақылаудағы шоттарға аударуға көндірген. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден асты", – деп хабарлады ведомство.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары алаяқтық схеманың ықтимал ұйымдастырушылары мен қатысушыларының кім екенін анықтап, оларды ұстаған.
Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі "Алаяқтық" бойынша сараланды.
Сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Соталды тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Прокуратура тергеушілер қылмыстың барлық мән-жайын, сондай-ақ схеманың басқа да ықтимал қатысушыларын анықтап жатқанын қосып өтті.
Бұған дейін Алматыда алаяқтардың әрекеті салдарынан 75 жастағы әйел мен оның 12 жастағы немересі далада қалғаны туралы жазған едік. Оқиға туралы толығырақ осы жерден оқыңыз.