Алматыдағы элиталық мейрамханада ер адам баланы ұрып жіберген. Жәбірленушінің адвокаты Жанна Оразбақованың айтуынша, бала оқиғадан кейін күйзеліске түскен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бала қатты қорқып қалған. Олар психологқа жүгінді. Баланың психоэмоционалдық жағдайы нашарлаған. Қазір ол барлық ересек ер адамдардан қорқады. Қасынан біреу өтіп бара жатса, "сол адам ба" деп қорқақтайды", – деді Оразбақова.
Оның айтуынша, сол сәтте бала мен оның досы мейрамхананың ойын бөлмесінде болған. Балалар жұмсақ шарларды бір-біріне лақтырып ойнап жүрген. Ол кезде ер адамның баласы бөлек отырған.
"Видеода балалардың бір-біріне шар лақтырып ойнап жүргені анық көрінеді. Ол адамның баласына еш қатыстары жоқ. Бірақ неге екені белгісіз, бәрі ер адамның баласымен ойнап жүрген деп ойлап қалған. Бір кезде ер адам орнынан тұрып, шар лақтырды деп баланы ұрған. Шын мәнінде, ол досымен ойнап жүрген.
Видеоны үлкейтіп қарасаңыздар, бірінші соққысы арқа тұсына тиеді. Күшті соққы. Екінші соққысы бөксесіне тиеді. Олар бірден балалар ауруханасына барған. Бізде медициналық құжаттар бар – баланың кеуде қуысына зақым келген, көгергені анықталған", – деп түсіндірді адвокат Оразбақова.
Сонымен қатар, оның айтуынша, баланың анасы бірден полицияға қоңырау шалған.
"Сол күні полиция келмей қалды. Бізде видео жазбалар бар – олар бір телефоннан жеті рет, екінші телефоннан бірнеше рет, жалпы 11 рет полицияға хабарласқан. Ақыры баланың анасы мәжбүрлі түрде өзі ауруханаға барып, кейін түнде полицияға барып арыз жазған, – деді адвокат. – Кейін полиция тараптарды хабардар етпестен, заңсыз түрде қылмыстық істі тоқтатқан. Бұл шешімді Медеу аудандық прокуратурасы жойып, істі қайта тергеуге жіберді және тергеушіні ауыстырды. Қазір іс жаңа тергеушінің қарауында".
Бұған дейін баланың туыстары күдікті адамның Алматы әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі екенін мәлімдеген болатын.
Алматы Полиция департаментінің мәліметінше, бұл факт бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған.
"Барлық объективті мән-жайлар анықталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен қатар, учаскелік инспектор оқиға болған жерге "102" пультінен шақыру түскеннен кейін 6 минут ішінде жеткенін атап өтеміз", – делінген Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!