Алматыда екі негізгі қоғамдық көлік жобасы – жеңіл рельсті көлік (LRT) пен жүрдек автобус тасымалы (BRT) қайта қаралып жатыр. Алматылықтарды қандай өзгерістер күтіп тұрғаны туралы Tengrinews.kz материалында.
Райымбек даңғылындағы BRT-ның салынған бөлігі бұзылуы мүмкін
Жол қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі сарапшы Елжан Шүпеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматыда LRT құрылысы жоспарлануына байланысты Райымбек даңғылындағы BRT жобасы айтарлықтай өзгеруі мүмкін екенін айтты.
"LRT құрылысын дәл осы учаскеде екінші деңгеймен іске асыру туралы шешім қабылданды. Қоғамдық көлік қозғалысы бір-бірін қайталамауы үшін бүгінде жоба қайта қаралып, оң жақ шеткі жолақпен жүретін қоғамдық көлік қозғалысы зерттеліп жатыр. Қазір жобаны іске асыру уақытша тоқтатылғанымен қозғалыс ашық болады. Меніңше, Райымбек даңғылы бойындағы Яссауи мен Өтеген батыр көшелерінің аралығында салынған учаске бұзылуы әбден мүмкін", – деді Шүпеков.
Райымбек даңғылындағы BRT құрылысы / 2026 жылғы қаңтар / Фото: Ақбота Сіләм
Журналистердің "бұл жобаны тапсыру мерзімі тағы да шегеріледі дегенді білдіре ме?" деген сұрағына ол "иә" деп жауап берді.
"Дәл солай. Бірақ қозғалыс дұрыс ұйымдастырылады, жалпы ағын қозғалысы қалпына келтіріледі", – деп толықтырды ол.
Спикер қала тұрғындары мен көлік жүргізушілері үшін айтарлықтай қолайсыздықтар мен жайлылық деңгейінің төмендеуі болмайтынын атап өтті.
Тимирязев көшесіндегі BRT алынып тасталуы мүмкін
Өзгерістер Тимирязев көшесіндегі қолданыстағы BRT желісіне де қатысты болуы мүмкін. Қала тұрғындары бұл жердегі үлкен кептеліске жиі шағымданады.
Жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев бұл учаскенің өткізу қабілеті айтарлықтай төмендеп кеткенін, соның салдарынан көлік ағыны әл-Фараби даңғылына ауысып, ол жерде кептеліс тудырғанын мойындады.
Енді билік автобус жолағын Тимирязев көшесінің ортасынан жолдың оң жақ шетіне көшіру мәселесін қарастырып жатыр.
"Қазір біз Тимирязев көшесін зерттеп жатырмыз, ол жерге біржақты қозғалыс енгізу (нұсқасы – ред. еск.) қарастырылып жатыр. Бәлкім, қазіргі уақытта көшенің өткізу қабілеті қатты төмендеген болар. Соның салдарынан бұл трафик әл-Фарабиге ауысты, қазір ол жерде қарбалас уақытта үлкен кептеліс көріп отырмыз", – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, өткізу қабілетін қалпына келтіру үшін Тимирязев көшесінде біржақты қозғалыс енгізіп, автобус жолағын жолдың ортасынан шетіне ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Жаңа автобус жолақтары
Сонымен қатар билік қаланың негізгі магистральдарында автобус жолақтары санын арттыруды қарастырып отыр.
2026 жылдың жазында әл-Фараби даңғылында, Сайын көшесінде, Шығыс айналма жолында, Солтүстік айналымда және Рысқұлов көшесінде жаңа арнайы жолақтарды іске қосу жоспарланған.
Ол үшін билік қолданыстағы автобус жолақтарын тарылтпақшы.
Ержан Диханбаевтың айтуынша, әл-Фараби даңғылына автобус жолағын енгізу жоспарланып отыр. Қазір жол қозғалысын ұйымдастыру схемасын әзірлеу аяқталуға жақын. Ол бұл ретте жеңіл көліктерге арналған жолақтар санын азайту жоспарда жоқ екенін, арнайы жолақты қолданыстағы жолақтарды тарылту есебінен ұйымдастыру көзделгенін нақтылады.
Спикер әл-Фарабидегі жолақтардың ені қазір 3,75 метрді құрайтынын, бұл қатар санын азайтпай-ақ кеңістікті қайта бөлуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жобаны әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе зерттеліп, көлік жағдайына талдау жасалған.
"Бұл жұмыс 2025 жылдың күзінен бері жүргізіліп келеді, қазір аяқтап қалдық, жазда енгізуді жоспарлап отырмыз. Тек әл-Фарабиде ғана емес, Сайын, Шығыс айналма жолы, Солтүстік айналым, Рысқұлов көшелерінде де болады. Бұл көшелерді бір жүйеге тұйықтап, автобус жолақтарын көбейту арқылы қоғамдық көліктің кедергісіз жүруін қамтамасыз еткіміз келеді", – деді жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев.
Бұған дейін брифингте Диханбаев жаңа арнайы жолақтар Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтбаев, Өтеген батыр көшелерінде салынатынын хабарлаған еді.
Алматыда жерүсті LRT бола ма?
Алматыдағы LRT бойынша басқарма басшысы жобаның техникалық-экономикалық негіздеме кезеңінен өткенін және қазір мемлекеттік сараптамада жатқанын айтты. Билік ол 2026 жылдың шілдесінде ақталады деп жоспарлап отыр.
Жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев бұл учаскеде ескі трамвай рельстері бөлшектеліп, алаң дайындалып, инженерлік желілер нығайтылып жатқанын хабарлады.
Белсенді құрылыс жұмыстары жоба сараптамадан шыққаннан кейін басталады деп күтіледі.
Трамвай рельстерін бөлшектеу / 2026 жылғы мамыр / Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Диханбаев қала қолданыстағы трамвай дәлізін пайдалануды ұйғарғанын атап өтті. Бұл жоба құнын төмендетуге және автокөлік жүргізушілерінен қосымша жолақтарды тартып алмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оның айтуынша, болашақта Алматыда Астанадағыдай жерүсті LRT іске қосылуы мүмкін.
Оның сөзінше, кезінде трамвай жолдарын сақтап қалу туралы шешім дұрыс болған, өйткені оларды бөлшектеп, орнына асфальт төселген жағдайда, кейін қоғамдық көлікке жолақтарды қайтару әлдеқайда қиын болар еді.
Спикер рельстерді сақтап қалудың бір себебі ретінде бұрыннан бар көлік дәлізін атап өтті.
"Екінші себебі, бұл LRT-ның эстакадалық инфрақұрылымынан әлдеқайда арзан. Дегенмен қаланың Астанадағыдай эстакадалық желілік көлікті іске асыру жоспары бар", – деді Ержан Диханбаев.
Бұған дейін қала әкімдігі бұрынғы трамвай бағыты бойынша ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы LRT желісі өтетінін хабарлаған болатын. Ол Алатау ауданының индустриялық аймағын "Алматы-2" теміржол вокзалымен байланыстырады.
Бағыт Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелерімен, содан кейін Абылай хан даңғылымен "Райымбек батыр" көлік-ауыстыру торабына дейін өтеді деп жоспарланған.
Желіде 34 жолаушылар платформасы қарастырылған: 12 аралдық және 22 жағалаулық типте. Табан ені 1435 миллиметр болады.
- Төле би көшесінде 4 аралдық және 15 жағалаулық бекет орналасады.
- Момышұлы көшесінде 5 аралдық және 5 жағалаулық бекет қарастырылған.
- Абылай хан даңғылында 3 аралдық және 2 жағалаулық бекет болады.
Құрылыс 2027 жылдың сәуірінен 2029 жылдың сәуіріне дейін жоспарланған.
Негізгі қорытынды
Сарапшылардың мәлімдемесіне сәйкес, Алматыда Райымбек даңғылындағы BRT жобасы сол бағыт бойынша LRT желісінің жоспарланған құрылысына байланысты айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Спикерлердің айтуынша, қазір көлік бағыттарының қайталануын болдырмау үшін қоғамдық көлікті оң жақ шеткі жолақпен жүргізу нұсқасы қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ, олардың мәліметінше, осыған байланысты BRT бойынша жұмыстар уақытша тоқтатылды, ал Яссауи мен Өтеген батыр көшелері арасындағы салынып қойған учаске бұзылуы мүмкін.
Тағы оқыңыз: Алматыда бірнеше көшеге біржақты қозғалыс енгізіледі: тізім