Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде Тереңқұрдағы өсімдіктерді өңдеу жұмыстарына шағымданды. Оның айтуынша, бұдан кейін тұрғындар жөтеліп, тамағы жыбырлай бастаған. Қала әкімдігі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Жазба авторының айтуынша, Тереңқұрда кешкі серуен кезінде ол жолдасымен бірге көптеген адамның жөтеліп жатқанын байқаған.
"Алдымен алдымыздан жөтелген адамдар кездесті. Мұны кездейсоқтық деп ойладым. Кейін ауа үрлегіштің дыбысына ұқсас шу естідім. Содан соң мейрамхана террасасында қара қорғаныс костюмі мен противогаз киген, қандай да бір химиялық зат шашып жатқан ер адамды көрдім. Айнала аэрозоль бұлты болып тұрды", - деп жазды алматылық әйел.
Ол адамдар беттерін басып, бұл тұстан тезірек өтіп кетуге тырысқанын айтты.
"Мұны көріп, біз де қаштық. Бірақ көмектеспеді. Үйге жеткенше, мұрын-жұтқыншағымызды шайғанша жөтелдік. Егер өңдеу жұмыстары үшін костюм мен противогаз киген адам қажет болса, Тереңқұрда жай ғана серуендеп жүрген адамдар неге мұнымен тыныс алуы керек?" - деп сұрақ қойды жазба авторы.
Threads-тегі жарияланымның скриншоты
Алматы әкімдігі не дейді?
Қалалық әкімдік аталған учаскеде мердігер ұйым жасыл желектерді жапырақ кеміргіш және жапырақ сорғыш зиянкестерден қорғау үшін жоспарлы өңдеу жұмыстарын жүргізгенін хабарлады.
Олардың мәліметінше, жұмыс барысында Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілген сертификатталған биологиялық және кей жағдайларда химиялық препараттар қолданылады.
Әкімдік қолданылатын заттар қауіптілігі төмен классқа жататын препараттар екенін атап өтті.
"Қолданылатын заттар адам денсаулығына, үй жануарларына, құстарға, балықтарға және басқа да тірі ағзаларға қауіп төндірмейді. Сонымен қатар, пайдаланылатын препараттардың өткір өзіндік иісі болуы мүмкін, ол уақытша қолайсыздық тудырып, соның ішінде тамақтың жыбырлауына немесе жөтелге себеп болуы ықтимал", - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Сондай-ақ,әкімдік өңдеу жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін оның түнгі уақытта жүргізілетінін түсіндірді.
"Бұл тікелей күн сәулесінің әсерін болдырмауға және өңдеудің барынша нәтижелі болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп толықтырды әкімдік.
Баспасөз қызметі қызметкердің қауіпсіздік техникасы талаптарына сәйкес қорғаныс костюмі мен противогаз кигенін айтты. Мұндай жабдық қауіптілік класына қарамастан, кез келген өңдеу құралдарымен жұмыс істегенде міндетті саналады.