Қазнет қолданушылары Астанадағы миллиард теңгеге жуық сомаға сатылымға шығарылған элиталық коттеджді қызу талқылап жатыр. Желі қолданушыларын үйдің көлемі емес, оның интерьері: алтын жалатылған бұйымдар, массивті жиһаздар мен тіпті "алтын" унитаз таңғалдырды, - деп хабарлайды Tengri Life.
Сәнді зәулім үйге шолу жасалған видеороликті елордалық риелтор Instagram-да жариялады. Видео әлеуметтік желілерге лезде тарап, жүздеген пікір жинады.
Желі қолданушыларын үйдің ауқымы таңғалдырды: кең залдар, камин, бассейн, сауна және әрлеу жұмыстарындағы алтын түстес элементтердің көптігі.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Үй туралы не белгілі?
Шолу кадрларына қарағанда, бұл – бірнеше демалыс аймағы, кең жатын бөлмесі, джакузиі, киім бөлмесі және жеке жуынатын бөлмесі бар үш қабатты коттедж.
Хабарландырудағы ақпаратқа сәйкес, үйдің ауданы 650 шаршы метр, ал қосалқы құрылыстарымен бірге - шамамен 1150 шаршы метр болады. Жер телімі - 20 сотық. Үйде барлығы 10 бөлме бар.
Видеодан кадрлар
Сондай-ақ үйде жаңа жөндеу жұмыстары жүргізілгені, ал аумағы толық абаттандырылғаны көрсетілген. Аулада гараж бен күзет бөлмесі бар.
Сату туралы хабарландырудан кадрлар
Instagram-дағы жарияланымда нысанның құны 1,8 миллион доллар (қазіргі бағам бойынша шамамен 850 миллион теңге) деп көрсетілген.
Сонымен қатар танымал хабарландыру сайтына дәл осы зәулім үй "тез арада, саудаласуға болады" деген белгімен 978 960 000 теңгеге салынған.
Зәулім үй қай жерде орналасқан?
Біз коттеджді жылжымайтын мүлік сататын сайттардың бірінен таба алдық. Сату туралы ақпаратты трендке айналған видеоны жариялаған риелтордың өзі де растады.
Зәулім үйді тану қиын болмады - ол тіпті сырттан қарағанда да өзінің сәнді өрнектері бар ауыр қақпасымен көрші үйлерден ерекшеленіп тұр.
Фото ©️ Tengrinews.kz / Надежда Лыкова
Ол Қорғалжын тасжолына жақын жерде, жабық коттедж қалашығында орналасқан.
Фото ©️ Tengrinews.kz / Надежда Лыкова
Көршілес маңда басқа да элиталық үйлер, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктер орналасқан.
Фото ©️ Tengrinews.kz / Надежда Лыкова
Ауданның өзі өте ұқыпты көрінеді: жолдары жақсы, ағаштар мен бұталар бапталған, бейтаныс адамдар аз және жеке өмірге қолайлы тыныш атмосфера орнаған.
Иесі кім?
Зәулім үйдің иесі кім екенін анықтау мүмкін болмады - ашық дереккөздерде меншік иесі туралы мәлімет жоқ.
Есесіне, видео астындағы пікірлерде қызу пікірталас басталды. Қолданушылар үйдің бағасын ғана емес, оның сәнді интерьерін де талқылап жатыр. Бір қызығы, ең көп назарды сол баяғы "алтын" унитаз аударды.
"Неге екінші унитаз алтын емес? Күлкі қылып тұрсыздар ма? Жеңілдік жасаңыздар", "Мұндай үйлер шынымен бар ма?", "Мына суреттерді көру үшін мен де өзімді тым кедей сезініп тұрмын...", "Бір сұрақ: неге бассейн көк түсті, алтын плиткамен қаптамаған ба?", "Неге моншада алтын жоқ?", "Сатып алайын деп едім, бірақ алтыны аз екен", - деп әзілдейді желі қолданушылары.
Кейбіреулер талғам мен сән-салтанат туралы таласып жатса, енді бірі бұл видеоны мүлдем басқа өмір деңгейіне жасалған экскурсия ретінде қабылдағанын айтады. Ал зәулім үй қаралым мен пікірлер жинауын жалғастырып, Астанадағы соңғы күндердің ең көп талқыланатын элиталық жылжымайтын мүліктерінің біріне айналды.
Тағы оқыңыз: “Кішкентай ғажайып“. Ақтөбелік дәрігерлердің әрекеті Қазнетті тебірентті