Алматылық ұстаздар гуманитарлық көмек көрсетті

26 Маусым, 15:11
0
Алматылық ұстаздар гуманитарлық көмек көрсетті -

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы Арыста болған жарылыстан зардап шеккендерге арнайы гуманитарлық көмек жеткізді. Бұл туралы университеттің ресми өкілі - баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Оның ақпаратына сүйенер болсақ, құрамында оқу орнының проректоры, факультет декандары мен Медиа департаментінің қызметкерлері бар топ Шымкент қаласында арыстық азаматтарға арналып ашылған 10-ға жуық эвакуациялық бекеттерге арнайы барып, тұрғындарға университет ұжымының қолдауымен алынған киім-кешек, азық-түлік және күнделікті қажетті тұрмыстық заттарды табыстады.

Сонымен қатар аталған орындарда Қыздар университетінің Педагогика және психология факультетінің аға оқытушысы Тилла Сақтағанова жарылыстан зардап шеккендерге психологиялық тұрғыдан кеңес беруде.

"Арыста болған оқыс оқиғаға байланысты зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде "Арыс, біз біргеміз!" акциясы басталған болатын. Игілікті шара барысында министрлік қызметкерлері мен отандық жоғары оқу орындарының ұжымы азаматтық танытып, мүмкіндігінше көмек көрсетуде. Азаматтық қоғамның белсенділігін, жанашырлығын айғақтайтын осынау қайырымы мол істен шет қалмау мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қызметкерлері де бір күндік жалақысын апаттан зардап шеккен ағайынға аударуды жөн деп тапты. Жиналған қаражатқа азаматтарға қажетті деген тұрмыстық заттар, киім-кешектер мен азық-түлік алынып, ол бекеттерге орналасқан тұрғындарға толықтай таратылды", - дейді Қыздар университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова.

Алғашқылардың бірі болып ақша аударғандар қатарында ҚР БҒМ Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары болды. Олар бір күндік жалақысын Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде аударды.

Сапар аясында оқу орнының басшылығы Арыс қаласында тұратын университет студенттерімен де кездесіп, жағдайларымен жете танысты. Олардың бүгінгі ахуалын білді.

Еске салайық, Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде "Арыс, біз біргеміз" акциясы өтіп жатыр. Акция аясында мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар және өзге де азаматтар үлес қосып, материалдық және қаржылай көмектесіп жатыр.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай