Алматыда жұртшылық көрнекті ақын, жазушы және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салуға жиналды. Қоштасу рәсімі 21 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мұхтар Шаханов 19 сәуірде 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі ақынның қайтыс болғаны туралы хабарлап, ведомствоның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында көңіл айтты.
Алматыда Мұхтар Шахановпен қоштасуға мыңдаған адам келді. Қазақ ұлттық опера және балет театрының ғимаратына кезек таңертең ерте басталды.
Рәсім басталғанда зал лық толды: адамдар дәліздерде, фойеде, тіпті кіреберіс баспалдақтарда тұрды.
Ақынның денесі ҚазҰОБТ-ның үлкен залына қойылды. Сондай-ақ оның мемлекеттік наградалары мен ескерткіш белгілері орналастырылды.
Ақынмен қоштасуға Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және басқа да мемлекет қайраткерлері келді.
"Бұл қаза бәріміздің қабырғамызды қайыстырған ауыр қаза болды. Отбасына, жақындарына және бүкіл қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз. Жалпы, Мұхтар Шаханов дегенде, ең алдымен оның асқақ тұлғасы, ұлттық рухы мен қайсар мінезі еске түседі. Өйткені ол сөзімен де, ісімен де ұлттың намысын қорғаған бірегей тұлға еді", - деді саясаткер Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ақынмен қырғызстандық жазушы Шолпонбек Абыкеев қоштасып, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың көңіл айту сөзін жеткізді:
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қымбатты қазақ бауырлар! Қазақтың ұлы ақыны, Қырғызстанға танымал мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш елшісі, Шыңғыс Айтматовтың және бүкіл қырғыз халқының досы Мұхтар Шахановтың қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадық. Ол тек қазақ халқының ғана емес, қырғыз халқының да арқасүйері, біртуар тұлғасы еді. Сондықтан қырғыз жұртшылығы бұл қазаны тірегінен айрылғандай ауыр қабылдап, қайғырып отыр", - деді ол.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.
"Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады", – делінген жеделхатта.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол - ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері (2022 ж.), Қазақстанның Халық жазушысы (1996 ж.), Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994 ж.).
Әр жылдары облыстық және республикалық газеттердің тілшісі, Қазақ радиосында, "Жалын" журналында редактор болды. Көптеген поэзиялық кітаптардың авторы, оның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болып жұмыс істеді.