Астана, Алматы және Шымкентте есірткі тұтынушылар жаңа әдіспен анықталады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Астана, Алматы және Шымкентте есірткі тұтынушылар жаңа әдіспен анықталады Фото:depositphotos.com

Қазақстанда ағын суларда есірткінің бар-жоғы зерттеле бастады. Сынама мектептерде, ЖОО-ларда, колледждер мен түнгі клубтарда алынады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қазақстанда ағын суларда есірткінің бар-жоғы зерттеле бастады. Сынама мектептерде, ЖОО-ларда, колледждер мен түнгі клубтарда алынады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Зерттеу нені көрсетті?

Әділет министрлігі сот сараптамасы орталығының директоры Бақытжан Байтілесовтің айтуынша, жұмыс Бас прокуратура тапсырмасымен еліміздегі есірткі жағдайының алдын алу және мониторинг жүргізу мақсатында қолға алынған.

Оның сөзінше, сот сарапшылары білім беру және ойын-сауық инфрақұрылымы нысандарын қоса алғанда, 18 түрлі жерден кәріз ағыны үлгілерін зерттеген.

"Талдау нәтижелері бойынша сынамалардан есірткі заттары, психотроптық заттар мен олардың метаболиттері, соның ішінде "дизайнерлік есірткілер" тобына жататын қосындылар, сондай-ақ психобелсенді дәрілік препараттар анықталды", - деді Байтілесов.

Анықтама: Дизайнерлік есірткілер - бұл заңдағы тыйымдарды айналып өту үшін бұрыннан белгілі есірткілердің химиялық формуласын өзгерту арқылы жасанды түрде жасалған психобелсенді заттар. Олар жиі "тұз", "спайс", хош иістендіргіш немесе басқа да заңды тауарлар түрінде сатылады. Мұндай заттардың қауіптілігі сол, олардың құрамы үнемі өзгеріп отырады және көбіне сатушылардың өзіне де белгісіз. Соның салдарынан олар алғашқы қолданудың өзінен-ақ ауыр улануды, психозды, тәуелділікті, жүрек проблемаларын тудырып, өлімге әкелуі мүмкін.

Ол жүргізілген зерттеулер есірткі таралуын бақылауда мұндай тәсілдің тиімділігін растағанын атап өтті.

Тексеріс қайда жүргізіледі?

Байтілесовтің айтуынша, сараптамалар құқық қорғау органдарының қаулысы бойынша жүзеге асырылады.

"Мұндай жұмыс бізде Павлодарда, Маңғыстау облысында, Астана, Алматы, Шымкент, Қарағандыда, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ол.

Нені тексерді?

Сот-медициналық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Назгүл Имамбаева ағын суларды талдау сот сараптамасының химия-токсикологиялық бөлімдерінде жүргізілетінін түсіндірді.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары сынамаларды арнайы талаптарға сәйкес өздері іріктеп алады.

"Арнайы ыдыстар, материалдарды іріктеу мен тасымалдаудың белгілі бір тәртібі бар. Содан кейін ағын сулар талдау жасау үшін біздің бөлімге түседі", - деді Имамбаева.

Ол ағын сулардағы заттардың концентрациясы төмен болғандықтан, мұндай зерттеулер өте күрделі екенін атап өтті.

"Егер несепте есірткі заттарының белгілі бір мөлшері болса, ағын суларда олар өте төмен концентрацияда болады. Сондықтан талдау қажырлы еңбекті қажет етеді", - деді ол.

Мұндай зерттеулерді жүргізу үшін 2024–2025 жылдары еліміздің сегіз өңіріне тиімділігі жоғары талдамалық жабдықтар сатып алынды.

Назгүл Имамбаеваның айтуынша, зерттеу аясында қазірдің өзінде алты мектеп, университеттер, колледждер мен түнгі клубтарды қоса алғанда, ойын-сауық мекемелері тексерілді.

"Аталған ұйымдар орналасқан ғимараттардың ағын сулары ұсынылды", - деп түсіндірді директор орынбасары.

Сондай-ақ ол қазір мамандар бұл әдісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктерде кеңінен қолдану бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда есірткі қабылдайтындар жаңа талдау арқылы анықталмақ

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 467.86   549.92   6.39 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер