Биыл елордада Астана LRT жеңіл рельсті көлігі іске қосылады деп күтіледі. LRT жолаушылары жолақысын қалай төлейтіні туралы City Transportation Systems (CTS) көлік компаниясы айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
LRT жолақысы қалай төленеді
Астанадағы LRT желісін осы жылдың көктемінде іске қосу уәде етілген болатын. Tengrinews.kz редакциясы елорда тұрғындары мен қонақтары жолақыны қалай төлейтінін білуді жөн көрді: автобустардағыдай QR-код немесе көлік картасы арқылы ма? Әлде баяғыдай қолма-қол ақшамен бе? Немесе метродағыдай картаны басып немесе турникетке жетон тастау арқылы ма?
CTS компаниясының хабарлауынша, Астана LRT үшін турникеттері бар жабық төлем жүйесі қарастырылған - платформаға тек төлем жасағаннан кейін ғана өтуге болады. Қысқаша айтқанда - метродағыдай.
Бақылаушылар бола ма?
Қазақстандық автобустарда қолма-қолсыз төлем енгізілген сәттен бастап жолаушылардың жолақы төлеген-төлемегенін тексеретін бақылаушылар қайта оралды. LRT-да мұндай бақылаушылар болмайды - жолаушы турникет арқылы төлем жасамайынша, пойызға жете алмайды.
"Бекеттерде кезектерді барынша азайту үшін жылдам төлем әдістерін қолдайтын заманауи төлем терминалдары мен турникеттер орнатылып жатыр", - деп хабарлады компания редакцияның ресми сауалына.
Фото © Tengrinews.kz/ Маржан Қуандықова
Жол жүру құны 200 теңгені құрайды. Сондай-ақ зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар және басқа да санаттағы азаматтар үшін жеңілдіктер қарастырылады. Бұл туралы толық ақпаратты CTS кейінірек ұсынуға уәде берді.
Кассирлер де болады
LRT пойыздары сынақтан өткізіліп жатқан кезде, CTS компаниясы кассирлерді іздеу туралы хабарландыруларды үнемі жариялап тұрады.
"LRT кассирлері жолаушыларға қызмет көрсетеді: көлік карталарын сатады және толықтырады, кеңес береді", - деп түсіндірді CTS өкілдері.
Әр бекетте бір кассалық аймақ болады. Онда жолаушылар турникеттен өтуге мүмкіндік беретін жол жүру карталарын толықтыра алады.
Фото: © Tengrinews.kz/ Маржан Қуандықова
Қазіргі уақытта барлық 19 құрам бір мезгілде жұмылдырылған кешенді сынақтар жүргізіліп жатыр.
Астана LRT желісін тесттік пайдалану басталғанына 7 ай болды. Бұған дейін елорда әкімдігі жобаны іске асыру кестеге сай жүріп жатқанын және жолаушылар тасымалын іске қосу көктемге жоспарланғанын хабарлаған болатын.
Сонымен қатар LRT-ның сынақ ретінде іске қосылуы аясында Астана тұрғындары жаңа көліктің қолайлылығын ғана емес, оның жылжымайтын мүлік нарығына әсерін де талқылап жатыр. Кейбір сарапшылар желі маңындағы тұрғын үйлердің нарықтық тартымдылығы сәл төмендеуі мүмкін деп қауіптенсе, коммерциялық нысандар, керісінше, қымбаттауға тиіс.