Астанада балалардың улануы салдарынан мектеп асханасы жабылатын болды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі Санитарлық-гигиеналық қадағалау департаментінің директоры Тоқтасын Ерубаев мәлім етті.

"Мектепті ыстық тамақпен қамтуды Исинғожинаның "Пайда" жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырған. Уланудың нақты себептері анықталғанша, мектептің асханасын пайдалану тоқтатылады",- деді ол.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта жоспардан тыс тексеру тағайындау үшін Бас прокуратурадан келісім алу рәсімі басталған.
Еске сала кетейік, Астанадағы №3 мектеп-гимназияның үшінші сынып оқушылары мектеп асханасындағы астан уланып қалған болатын. Болжам бойынша, олар сүзбеден уланған.
Қазіргі таңда науқастардың материалдары Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама Орталығының зертханалық тексеруіне жіберілген. Ал №3 мектеп гимназиясы бұған қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.