Астанада тұманға байланысты тағы да бірнеше рейс кешіктірілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада тұманға байланысты тағы да бірнеше рейс кешіктірілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта Астана әуежайындағы метеожағдайлардың себебінен және әуе көліктерінің кеш келуіне байланысты ұшатын екі рейс кешіктірілді: SCAT әуе компаниясының Ақтау бағытындағы рейсі кесте бойынша 09.40-та ұшуы керек, ол 19.00-ға дейін кідіреді, China Southern airlines компаниясының Астана - Үрімжі бағытындағы CZ-6014 рейсі кесте бойынша 10.25-те, жолаушылар оны 16.20-ға дейін күтеді", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Астана әуежайына келуі тиіс бес рейс те кестесінен кешікті. "SCAT әуе компаниясының үш рейсі кешіктірілді: Атырау бағытындағы рейс үш сағат он минутқа, Ақтөбе бағытындағы рейс екі сағат он минутқа, Петропавл бағытындағы рейс үш сағат 15 минутқа кешігеді. "Жетісу" әуе компаниясының Талдықорған - Астана бағытындағы JTU-6064 рейсі кесте бойынша 10.10-да ұшып келуі тиіс, ол 13.40-қа дейін кешігеді, Үрімжіден келетін China Southern airlines рейсінің уақыты кесте бойынша 09.05, ол 15.20-ға қалдырылды", - деп хабарлады әуежай мамандары.
Қазір Астана әуежайында ауа температурасы 2 градус жылы, тік көріну мүмкіндігі - 80 метр. "Астана әуежайы ИКАО сертификаты бойынша әуе көліктерінің барлық типін тігінен көріну мүмкіндігі 15 метр болған кезде қабылдай алады. Астана әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", - дейді баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 5 қараша күні Астанада ауа райы жағдайларына байланысты тоғыз әуе рейсі кешіктірілген еді. Астанада тұман оңтүстік циклондардың суық ауа массаларымен алмасуынан пайда болды.