Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанды қарсы алды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі елорда әуежайында түрік көшбасшысын салтанатты түрде қарсы алу рәсімінің кадрларын жариялады.


Еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына дейін Түркия президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты.

Ұшақ трапы алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді.


Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға зайыбымен бірге келді.


"Екі елдің жалаушаларын ұстаған балалар Режеп Тайип Ердоған бастаған Түркия елінің ресми делегациясына "Ata yurda hoş geldiniz!" – "Атажұртқа қош келдіңіз!" деп екі тілде қошемет көрсетті", - деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.


Шетелдік мейманды қарсы алған қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Президенті әкімшілігінің басшысы Роман Скляр мен сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев болды.
Сол сәтте Түркия мен Қазақстан туларын желбіреткен тікұшақтар алаң үстімен ұшып өтті.

Әуежай терминалында жас өнерпаздар Түрік елінің көшбасшысына арнап "Домбыра" композициясын орындады.

Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
Мемлекеттер басшылары екіжақты байланыстардың қазіргі жай-күйі мен перспективасын талқылайды деп жоспарланған.
Бұған дейін Тоқаев пен Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізетіні хабарланған болатын.
15 мамырда Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті ұйымдастырылады. Жиында "Жасанды интеллект және цифрлық даму" тақырыбы талқыланады.