Атырау облысының әкімі лауазымына үміткерлер тізімінде кімдер болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр Атырау облыстық мәслихаты депутаттарының жиынына қатысты. Онда өңірдің жаңа басшысын тағайындау мәселесі қаралды.
Роман Скляр депутаттарға Мемлекет басшысының хатын оқып берді, онда Атырау облысының әкімі лауазымына екі үміткер ұсынылды:
- KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов;
- Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 83 депутат Болат Ақшолақовтың кандидатурасын қолдады, 18 депутат Дарын Шамұратовқа дауыс берді.
Бұған дейін Болат Ақшолақов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды.
Жаңа әкімге қандай міндеттер жүктелді?
Тағайындаудан кейін премьер-министр Олжас Бектенов Болат Ақшолақовты өңір активіне таныстырды. Ол Президенттің облыстың жаңа басшылығының алдына бірқатар басым міндет қойғанын атап өтті. Олардың қатарында Мемлекет басшысының Атырау облысына жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларын сапалы орындау, соның ішінде экологиялық жағдайды жақсарту, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ қалалық ортаны дамыту бар.
Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT-секторды және креативті индустрияларды дамыту есебінен өңір экономикасын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Сондай-ақ бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту, еңбек өнімділігін арттыру және арнайы экономикалық аймақ пен инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін тиімдірек пайдалану қажет.
"Облыстың жаңа бас жоспарына сәйкес заңсыз және ретсіз құрылысқа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдау, аумақтарды абаттандыруға, көгалдандыруға, қоғамдық кеңістіктерді кеңейтуге көңіл бөлу тапсырылды. Сондай-ақ Атырау облысының жол-көлік жүйесін дамыту міндеті қойылды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар басымдықтар қатарында өңірдің жол-көлік жүйесін дамыту, ЖЭО-ны газға көшіру, өнеркәсіптік және көліктік шығарындыларды азайту, сондай-ақ тозған инженерлік желілерді уақтылы жаңарту аталды.