Атырау облыстық ІІД өкілдері 26 жастағы Паруаз Мнажатдинованың ұрлануы дерегіне қатысты тергеу басталғанын хабарлады, - деп жазады Tengrinews.kz тілшісі.
Атырау облыстық ІІД өкілдері 26 жастағы Паруаз Мнажатдинованың ұрлануы дерегіне қатысты тергеу басталғанын хабарлады, - деп жазады Tengrinews.kz тілшісі.
"Бұл дерек сотқа дейінгі бірыңғай тергеулердің реестріне ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы ("Бас бостандығынан заңсыз айыру") бойынша тіркелді. Атырау полицейлері тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталады", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, келіншекті емдеп жатқан дәрігер оның жағдайы жайлы айтып берді.
"Ол шын мәнінде 28 маусымда ұстамасы қозып, ауруханаға түсті. Түскен кезінде бетінде көгерген іздер, ісіктер болды, алайда бұл жарақаттар ұрып-соғу нәтижесінде пайда болды ма, әлде ұстамасы қозғанда алған жарақаты ма - белгісіз. Ұстамасы ұстағанда да мұндай жарақат алуы мүмкін. (...) Ол қазір ауруханада дәрігерлердің қарауында. Ұстамаға қарсы препараттар берілді. Қазіргі уақытта жағдайы жақсарды. Қазір ол бізде нағыз "жұлдыз" болды", - деді Атырау облыстық ауруханасының неврология бөлімшесінің жетекшісі Айман Телеушева.
Айтуынша, келіншек нейрохирургия бөлімшесіне түскен сәтте оның миы шайқалмағаны анықталған.
"Денесінде және аяғында жарақат болмады. БАҚ-тарда аяғын егеуқұйрықтар тістеген деп жазды, бірақ бізге келген кезінде тістеген іздері болмады. Ұстамасы қозғанда аяғын ұстап, "тышқан, тышқан" деп айтумен болды. Оған елес көрінген. Ұстамасы қозғанда сондай болады, мұндай ауруда елес көрінуі мүмкін", - деп түсіндірді дәрігер.
Бөлімше жетекшісі науқастың осы ауру түрінде көрсетілетін емді хаттама бойынша тегін алып жатқанын айтты.
"Бастапқыда ұстамасы үзіліссіз жалғасты, қазір бір күні болса, екінші күні болмайды. Оған уайым себеп. Мысалы 8-9 рет ұстамасы болмаса, 10-шысында полицейлермен және журналистермен әңгімелескеннен кейін түнде қайтадан қозды. Алайда ұзаққа созылған жоқ. Ол ер адамдарды көрген кезде ұстамасы қозады. Жағымсыз ассоциациялар пайда болатын шығар. Мұны енді психиатр мамандар анықтауы керек", - дейді дәрігер.
Айман Телеушеваның айтуынша, ауруханаға түскенде джинс шалбарының қалтасында оның төлқұжатының көшірмесі болыпты, осы құжат арқылы оның туыстарын табу мүмкін болыпты, алайда туыстары оған келе алмаған.
"Біз оның күйеуін таптық. Ол Қарақалпақстаннан, қазір ол Ақтауда нәпақа тауып жүр. Ақшасы болмағандықтан келе алмайтынын айтты. Әкесі де осылай деді, бірақ ол осында жүрген жерлестерін тауыпты, олар келіп, қызбен көрісті. Күйеуі келіншектің үйден жиі кетіп қалатынын, тыңдамайтынын айтты. Ұстамасы қозғанда болған шығар. Мұндай ауру кезінде апақ-сапақ жағдайда жүреді. Кейде науқас есі ауған жаққа кетіп қалуы мүмкін", - деп баяндады аурухананың бөлімше басшысы.
Дәрігердің айтуынша, қызға аурухана қызметкерлері де, басқа адамдар да көмектесіп жатыр. Ол тіпті өз қалтасынан қажетті дәрі-дәрмек ұсынуға уәде беріпті.
"Оған киім-кешекті көптеп әкелді. Медбикелеріміз, санитарлар, жергілікті басылымда жұмыс істейтін журналистер келді. Паруаз біздің сұлуымыз. Бір күнде екі рет киім ауыстырады. Оны ауруханадан шығаруға дайынбыз, бірақ құжатын күтіп отырмыз. Әкесі тапқан танысы оны үйіне дейін жеткізіп салуға дайын. Шығарғанда қолына бес күнге жететіндей дәрі-дәрмек береміз. Дәрі-дәрмекті өз қалтамнан төлеп беремін. Аурухананың қоры стационар қабырғасында ем қабылдайтын науқастарға ғана арналған", - деді Айман Телеушева.
Еске салайық, осыған дейін Атырау облыстық ауруханасының неврология бөлімшесінің науқастары журналистерге Паруаз Мнажатдинова тап болған жаға ұстататын оқиғаны баяндап берген еді.