Аян Мейірбаевтың адвокаты Желіде тарап кеткен атышулы видеоның қандай жағдайда түсірілгенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Аян Мейірбаевтың адвокаты Желіде тарап кеткен атышулы видеоның қандай жағдайда түсірілгенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Аян Мейірбаев оқиғадан кейін ем қабылдап жатыр. Бұл өте ауыр психологиялық жарақат: жәбірленуші бола тұра, түрмеде заңсыз отыру, соның бәріне шыдау. Әрине, психикасына әсер етті. Осыған байланысты ол ем қабылдап жатыр", - деді адвокат Ерлан Біләлов Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Ол Аян Мейірбаевтың Қазақстанда ем алып жатқанын қоса айтып отыр.
"Әрине, осы видеоға байланысты жұртшылық алаңдады. Аян Мейірбаев адам өлтірді деген пікірлер көп болды. Менің айтқым келетіні, Мейірбаевтың бұл қылмысқа ешқандай да қатысы жоқ. Бұл соталды тергеу барысында анықталды. Ол жәбірленуші болып танылды және жәбірленуші ретінде жауап берді", - деді адвокат Аян Мейірбаевтың үш ай бойы қамауда болғанын атап өтіп.
Бұдан кейін Мейірбаевтың адвокаты Аянның Ерасыл Әубәкіров өлтірілген коттеджге келген кезінде не болғанын айтып берді.
"Біріншіден, ол коттеджге келген бетте бостандығынан айырылды. Оның басына пакет кигізіп, қолына кісен салынды, аяғын байлап тастады, көзін тұмшалады, аузына мақта тығып қойды. Мұның бәрі қарсылық көрсетіп, көмекке шақырмауы үшін жасалды. Сосын оған арақ ішкізген, өте көп ішкізген. (...) Нұрбек Әжімбай видео түсіруді мақсат етіп, сосын осындай материалды қолға түсіргеннен кейін оны бопсалау үшін қолданбақ болған. Яғни Мейірбаев сол қулықтың құрбаны болған. (...) Нұрбек Әжімбай Аян Мейірбаевқа "Сен Ерасыл Әубәкіровпен интим байланысқа түстің" деп айтады. Осы кезде мас адам дымды түсінбей, мұны сұрап, анықтай бастайды", - деп түсіндірді адвокат Ерлан Біләлов Аян Мейірбаевтың видеода неге Ерасыл Әубәкіровті жұлмалап жатқанын.
Ерасыл Әубәкіровтің ата-анасының адвокаты осы жағдай бойынша жан-жақты зерттеу жұмысының болғанын атап өтті. "Нақтырақ айтсам, Аян Мейірбаевтың өзінен куәландыру алынды, оның денесінен зақымдар табылмаған. Басқа да сараптамалар өткізіліп, олардың қорытындысында Аян Мейірбаевтың ешқандай да интим байланысқа түспегені анықталды. Сәйкесінше, Мейірбаевтың сотта берген жауабы зерттеулер мен медициналық сараптамалардың қорытындысымен үйлесті", - деді Ерасыл Әубәкіровтің ата-анасының адвокаты Тельман Әленов.
Сондай-ақ, Әленов Ерасыл Әубәкіровтің қылғындыру нәтижесінде қайтыс болғанын хабарлады. "Ол механикалық асфиксия салдарынан қаза болды. Оны қылғындырған, оттегі жетіспеген. Сонымен қатар, зерттеу кезінде зорлық әрекеттердің ізі анықталған. Сараптаманың қорытындысы бойынша, марқұмның мойнында саусақ іздері қалған. Басына қап кигізіп қана қоймай, қысқан".
"Үкімге сәйкес, мұны Әжімбай істеген", - деді адвокат.
Айта кетейік, бір ай бұрын, 7 қыркүйекте Астанада атышулы іске қатысты сот басталған болатын. 23 жастағы Ерасыл Әубәкіровті өлтірді деген күдікпен сот алдына үш адам келді: Нұрбек Әжімбай, Виталий Шерстенев және Андрей Тихоненко. Оларға "Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету", "Адамды бостандығынан заңсыз айыру", "Сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері", "Адам өлтіру" және "Бопсалау" баптары бойынша айып тағылды.
Ал 12 қазанда осы атышулы іс бойынша үкім шығарылды. Оған сәйкес, Нұрбек Әжімбай мүлкі тәркілене отырып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Андрей Тихоненко 16 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Виталий Шерстнев 11 жылға сотталды. Cондай-ақ, сотта Аян Мейірбаевтың кінәлі емес екенінің дәлелі келтірілді. Бұл туралы жәбірленуші тараптың өкілі үкім оқылғаннан кейін айтып берді.
Айта кетейік, бұл істе бастапқыда Аян Мейірбаев күдікті болған еді. Оған қатысты қудалау қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты тоқтатылған еді. Ол тергеу изоляторынан босап шықты.
Еске салайық, биыл ақпанда Астанада медициналық университеттің алтыншы курсында оқитын Ерасыл Әубәкіров жоғалып кеткен болатын. Ол Сарыарқа - Сейфуллин қиылысындағы үйінен сол жағалауға қарай шығып кетіп, табылмаған еді. Кейін, 10 ақпанда оның мәйіті зорлық белгілерімен табылған.