Бүгін Мәжілісте байланыс операторлары тарифтерінің өсу мәселесі көтерілді. Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, кейбір ұялы байланыс операторларында бағаның өсуі 300 пайызға дейін жеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін Парламент депутаттары телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Мәжілісмен Сәрсенғалиев байланыс бағасының қымбаттауы қазақстандықтарды көптен бері толғандырып жүргенін айтты.
"Менің қолымда статистика бар. Мысалы, 2022 жылдан бастап тарифтер 20-дан 90 пайызға дейін өскен. Кейбір ұялы байланыс операторларында бұл көрсеткіш 3-тен 300 пайызға дейін, ал басқаларында 14-тен 75 пайызға дейін жетеді", - деді депутат.
Оның айтуынша, байланыс операторлары тарифтерін өздері белгілей алады, бірақ мемлекет оларды тексеруге мүмкіндік алуы тиіс.
"Бұдан кім зардап шегеді? Әрине, халық, біз. Енді айтыңызшы: егер біз осындай норма енгізсек, бізді қолдайсыз ба?" - деп сұрады Сәрсенғалиев.
Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев операторларда әртүрлі, соның ішінде әлеуметтік тарифтер бар екенін айтып жауап берді.
"Соңғы екі жылда дәл осы әлеуметтік тарифтер өзгерген жоқ. Яғни, олар әлеуметтік тарифтердің бағасын өсірмейді", - деді Мәдиев.
Сонымен қатар, ол тарифтердің өсуіне қатысты жалпы үрдіс бар екенін мойындады. Оның айтуынша, бағаға инфрақұрылымға салынған инвестициялар, 4G-ден 5G-ге ауысу және ауылдық елді мекендерге интернет жеткізу қажеттілігі әсер еткен.
"Бізде трафикті тұтыну 70 пайызға өсті. Яғни, егер үш жыл ішіндегі бір гигабайттың құнын есептесек, онда операторлардың тариф бағасы көтерілмеген болып шығады. Тіпті 15 пайызға арзандау бар. Мысалы, биыл бізде бір гигабайт 82 теңгеден айналады", - деп мәлімдеді министр.
Мәдиев мобильді байланыс саласындағы монополияға қарсы бақылауды күшейтуді қолдайтынын жеткізді.
"Біз монополияға қарсы бақылауды күшейтуді қолдаймыз. Алдағы уақытта да бұған дайынбыз. Мобильді байланыс тарифтеріне қатысты да солай", - деді ол.