Павлодар облысында балаларды жүйткіп келе жатқан КамАЗдан аман алып қалған полицейлердің көлігінде видеотіркеу құрылғысы болмаған, - деп хабарлайды Tengrinews. kz тілшісі.
Павлодар облысында балаларды жүйткіп келе жатқан КамАЗдан аман алып қалған полицейлердің көлігінде видеотіркеу құрылғысы болмаған, - деп хабарлайды Tengrinews. kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, Lada Granta патрульдік көлігінде видеотіркеу құрылғысы болмаған. Сонымен қатар, полицейлердің видеожетоны да болмаған. Бұл мәліметті жергілікті полиция басшысы Юрий Колесников растады.
"Полицейлер көлігінде видеотіркеу құрылғысы мен видеожетон болмаған. Видеосы болғанда, біз барлығын түсіндіріп көрсететін едік. Қазіргі уақытта ауылдағы көліктер видеотіркеу құрылғысына кезекте тұр. Оларды осы құрылғымен келесі айда, яғни биыл наурыз айында қамтамасыз етеміз. Әзірше бұл құрылғы қаладағы көліктерге ғана жетті. Ал биыл осыған қосымша ақша бөлінді", - деді Колесников телефон арқылы Tengrinews.kz тілшісіне.
Сондай-ақ, ол бүгінде Павлодар облыстық ІІД өкілдерінде 437 видеотіркеу құрылғысының бар екенін айтып өтті. Баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, 2017 жылы 51 видеотіркеу құрылғысын сатып алу жоспарда бар.
Сонымен қатар, балаларды тасымалдаған автобустың "Жас дәурен" оқу-сауықтыру орталығына тиесілі екені белгілі болды. Орталықтағылардың айтуынша, автобуста да видеотіркеу құрылғысы орнатылмаған.
Еске салайық, бұл оқиға 17 ақпанда болған еді. Баянауыл аудандық ішкі істер бөлімі полициясының қызметкерлері қызметтік Lada Granta көлігімен балалар отырған автобусты алып келе жатқан. Балалар Павлодардағы шаңғы жарысына қатысуға бара жатқан. Кенет Павлодар-Астана автожолында Қалқаман ауылының маңында КамАЗ жүргізіп келе жатқан 50 жастағы жүргізуші қарсы бағыттағы жолға шығып кеткен. Жүк көлігі мен балалар отырған автобус соғыспауы үшін полиция старшинасы Мұрат Нұрсейітов ойланбастан қызметтік көлікті жолға көлденең бұрып үлгерген. Осыдан кейін автобусқа қарай келе жатқан КамАЗ полиция көлігін соққан. Жол апатының салдарынан полицей түрлі жарақатымен Павлодардағы ауруханаға жеткізілген. Автобуста 18 бала және оларды алып келе жатқан төрт тәрбиеші болған.