Алдағы он күнде автокөліктердің "сұр" импортымен күресу бойынша жаңа ереже енгізу жоспарланбаған. Мәселе қолданыстағы нормалардың орындалуына бақылауды күшейту туралы болып отыр. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Журналистердің 1 қыркүйектен бастап нақты қандай шаралар іске қосылатыны туралы сауалына жауап бере отырып, министр қажетті нормативтік база бұрыннан бар екенін атап өтті.
"Барлық шаралар қазірдің өзінде бар. Мұның бәрі жазылған, барлық құжат қабылданған. Он күн ішінде қосымша құжаттар қабылдамаймыз. Құқықтық тұрғыдан мәселе шешілген. Тек нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген нормаларды әкімшілендіру мен орындау мәселесі шешілмеген", - деді Нағаспаев Үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, Үкіметтің міндеті - Мемлекеттік кірістер комитеті, Ішкі істер министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар қолданыстағы талаптарды қатаң орындауын қамтамасыз ету.
Журналистердің нормативтік-құқықтық актілерге қолжетімділік қазір шектеулі екені туралы ескертпесінен кейін, министр барлық шараны егжей-тегжейлі түрде ұсынуға уәде берді.
"Он күн ішінде біз премьер-министрдің тапсырмасын орындаймыз, мен сіздерге осы шаралардың барлығын тармақ-тармағымен толық жазып беремін", - деді ол.
Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Мақашева көптеген норма бұрыннан қолданыста екенін түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстанда 2007 жылдан бастап оң жақ рөлді көліктерді әкелуге тыйым салынған, алайда тек 2022 жылдың өзінде елге осындай 23 мыңнан астам машина әкелініп, кейін оларды есепке қоюға әрекет жасалған.
Сонымен қатар ол жеке пайдалану үшін жылына бір автокөлік әкелуге қойылатын шектеу Еуразиялық экономикалық одақ аясында 2015 жылдан бері әрекет ететінін еске салды.
Министр Нағаспаев мәселе заңнаманың жоқтығында емес, оның орындалуында екенін қайталады.
"Барлық қажетті шара бұрыннан бар. Мәселе жаңа ережелерді енгізуде емес, қолданыстағы нормалардың қалай жұмыс істейтінінде, олардың орындалуын кім бақылайтынында және әкімшілендірудің қалай жүзеге асатынында", - деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, таяу он күн ішінде қолданыстағы тетіктерді ретке келтіру, бақылауды күшейту және уәкілетті органдардың жауапкершілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізіледі.
"Жаңа ереже енгізілмейді", - деп түйіндеді шенеунік.
Қазақстанға көліктер талаптарды айналып өтіп қалай кіреді?
Бүгін Үкіметте өткен брифингте Қазақстан автомобиль одағының басшысы Анар Мақашева бейресми арналар арқылы көлік импорттау кезіндегі заңбұзушылықтар артқанын мәлімдеді. Оның ақпаратынша, елге басқа мемлекеттерде кепілде тұрған, ұрланған немесе заң тұрғысынан басқа да проблемалары бар көліктер келіп жатыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде автокөліктерді заңсыз әкелудің алдын алу бойынша кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, мұндай көліктер көбінесе техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді, ал кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеудегі жаңа тәсілдер 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске қосылуы тиіс.
Бұған дейін Өнеркәсіп министрлігінде кейбір компаниялар заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды айналып өтіп, автокөліктерді жаппай әкелу үшін жеке тұлғаларды пайдаланатыны айтылған болатын. Соның салдарынан мемлекет кедендік төлемдерден қағылып отыр, ал нарыққа заңбұзушылықтармен рәсімделген көліктер түседі.