Қазақтың жаңа әліпбиін құрастырушылар қазақстандықтар "W" әрпін қабылдамады деген тұжырымға келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақтың жаңа әліпбиін құрастырушылар қазақстандықтар "W" әрпін қабылдамады деген тұжырымға келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында құрастырушылар бірқатар сұраққа жауап берді.
"Барлығы "W" әрпіне қарсы болып отыр. "W" әрпі білдіретін дыбыс ағылшын тілінде бар. Артикуляциясын барлығыңыз дұрыс түсініп отырсыздар. Дәл осындай қазақ тіліндегі дыбыстарды қабылдамай отырсыздар. Психологиялық жағдай бұл. Орыс тілінде мұндай дыбыс жоқ, сондықтан көпшілігі біздің Көкшетауды Кокчетав деп оқып қалып жатыр. Бұл дыбыс қазақ тілінде ең жиі кездеседі және ең бастысы морфологиялық функциясы бар. Ең маңыздысы осы - осы дыбысқа келгенде біздер, қазақтар біраз бас қатыратын сияқтымыз", - деді филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек.
"Барлығы халықаралық сөздер мен терминдерді қалай жазу керектігін ойланып жатыр. Халықаралық тәжірибе бар. (...) Халықаралық сөздерді қалай жазатынымызда мәселе жоқ. Біздің жаңа әліпбиіміз осы сөздердің барлығын жазуға мүмкіндік береді", - деді Әлімхан Жүнісбек.
Мұның алдында Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Ербол Тілешов жаңа әліпби нұсқасын қоғам мақұлдамаса құрастырушылардың қадамы қандай болатынын айтқан еді.
"Жаңа әліпби ұнады не ұнамады деуге бола ма? Бұл пәтер немесе көлік емес. Кейбір сөздер, кейбір дыбыстарға қатысты мәселе туатын шығар. Бұл жағдайда біздің әріптестер нақтырақ, тереңірек көрсетіп береді, кейбір дыбыстар мен әріптерге қайта ораламыз. Жалпы алғанда әліпбидің осы нұсқасын таңдап отырмыз", - деген еді Ербол Тілешов ОКҚ баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, кеше, 11 қыркүйекте ҚР Парламент Мәжілісінде "Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы" тыңдау өткен еді. Сол тыңдауда Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Ербол Тілешов қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынған болатын. Оның айтуынша, жаңа нұсқада 25 әріп болады.