Қазақстан Ұлттық банкі таяу болашақта базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл туралы реттеуші басшысы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі экономикалық ахуал сақталған жағдайда мұндай сценарий жүзеге асуы мүмкін.
"Біз нақты белгілеп бердік: дезинфляциялық әсерлер сақталғанда, қатаң бюджет саясаты, тарифтік реформа мен жанар-жағармай реформасына ұстамды тәсілдер қолданылғанда, сұраныстың одан әрі төмендеуі және сыртқы шоктардың болмауы жағдайында - біздің ойымызша, базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі пайда болуы тиіс", - деді Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингте.
Ұлттық банк басшысы реттеуші инфляцияның баяулауын және оның тұрақты деңгейде бекітілуін күтетінін атап өтті.
"Бізде сондай болжам бар және біз соны күтуге ниеттіміз: мөлшерлемені төмендету циклін бастау үшін инфляция төмендеп, тұрақталуы керек", - деді ол.
Бұл ретте Тимур Сүлейменов жоғары мөлшерлеме түпкі мақсат емес екенін баса айтты.
"Негізінен, біздің мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұру ниетіміз жоқ. Біздің басты мақсат - барлық қолжетімді құралмен, соның ішінде базалық мөлшерлеме арқылы инфляцияны төмендету", - деп толықтырды Ұлттық банк басшысы.
Бүгін, 24 сәуірде Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады. Ол +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 18 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалды.
"Ұлттық банк инфляцияның баяулау қарқынын, ішкі сұраныс динамикасын, бюджет шығындарының нақты орындалуын бақылауды жалғастыра береді. Сондай-ақ, фискалдық ынталандыру шаралары, реттелетiн бағалардың параметрлері мен сыртқы нарықтағы ахуалдың инфляциялық процестерге әсері тұрақты бағаланып отырады. Егер қазіргі үрдістер сақталып, күтпеген жағдайлар орын алмайтын болса, Ұлттық банк алдағы шешімдерінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруға дайын", - деп хабарлады реттеушінің баспасөз қызметі.
Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 5 маусымда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Базалық мөлшерлеме деген не?
Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банк ақша-кредит саясатының басты құралы. Ол банктердің ақшаны қандай пайызбен қарызға ала алатынын көрсетеді және көбіне халық пен бизнес үшін кредиттер мен депозиттер бойынша пайыздардың қандай болатынын айқындайды.
Ұлттық банктің бағалауынша, оның өзгеруі инфляция деңгейіне бірден емес, шамамен 12-18 айдан кейін айтарлықтай әсер ете бастайды. Қысқа мерзімді перспективада мөлшерлеме өзгерісінің тиімділігі әлсіздеу болады.
Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты жоспарын бөлісті. Реттеуші ақпарына сәйкес, ол қазіргі ақша-кредит жағдайын, соның ішінде базалық мөлшерлемені 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін сақтауға ниетті.
Базалық мөлшерлеме қалай жұмыс істейді?
Базалық мөлшерлеменің өзгеруі ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлемелер мен айырбас бағамы арқылы инфляция деңгейіне әсер етеді. Базалық мөлшерлеме көтерілгенде, экономикадағы ақша "қымбаттайды" – кредиттер мен қарыздар бойынша пайыздар өседі. Нәтижесінде бизнес те, халық та аз жұмсап, көбірек жинай бастайды. Тұтынудың төмендеуі баға өсімін бәсеңдетеді, яғни инфляцияны тежейді.
Базалық мөлшерлеме теңгеге қалай әсер етеді?
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткенде, ақша арзандайды. Қысқа мерзімде бұл әдетте теңгенің әлсіреуіне әкеледі – валюта нарығына қатысушылар бағамның төмендеуін күтіп, ұлттық валютаға қарсы ойнай бастайды. Ұзақ мерзімді перспективада мөлшерлеменің төмендеуі инфляцияны бәсеңдетуі мүмкін, бұл, керісінше, теңгенің нығаюына септігін тигізеді.