Жұма, 24 сәуірде Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады. Ол +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 18 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық банк мәліметінше, жылдық инфляция наурызда 11 пайызға дейін баяулады. Оның баяулауына бірқалыпты қатаң ақша-кредит шарттары, айырбас бағамының қолайлы серпіні, тұтынушылық кредиттеу қарқынының баяулауы аясында тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасын өсіруге қойылған мораторий мен Үкіметтің басқа да инфляцияға қарсы шаралары септігін тигізді.
"Қазіргі дезинфляциялық процестерге тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалыпқа келуі, соның ішінде бөлшек кредиттеудің бәсеңдеуі оң әсер етіп отыр. Мұндай динамика ақша-кредит шарттарының бірқалыпты қатаң деңгейде сақталуына, сондай-ақ ең төменгі резервтік талаптарды арттыру мен "айналау" операцияларын қоса алғанда, артық өтімділікті қысқарту шараларына байланысты қалыптасады. Сонымен қатар теңге бағамының нығаюы да инфляцияны төмендетуге қосымша қолдау көрсетеді", - деп хабарлады Ұлттық банк.
Реттеуші ақпараты бойынша, қазіргі инфляцияның баяулау үрдісін алдағы уақытта бекіте түсу қажет.
"Ұлттық банк инфляцияның баяулау қарқынын, ішкі сұраныс динамикасын, бюджет шығындарының нақты орындалуын бақылауды жалғастыра береді. Сондай-ақ, фискалдық ынталандыру шаралары, реттелетiн бағалардың параметрлері мен сыртқы нарықтағы ахуалдың инфляциялық процестерге әсері тұрақты бағаланып отырады. Егер қазіргі үрдістер сақталып, күтпеген жағдайлар орын алмайтын болса, Ұлттық банк алдағы шешімдерінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруға дайын", - деп хабарлады реттеушінің баспасөз қызметі.
Базалық мөлшерлеме деген не?
Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банк ақша-кредит саясатының басты құралы. Ол банктердің ақшаны қандай пайызбен қарызға ала алатынын көрсетеді және көбіне халық пен бизнес үшін кредиттер мен депозиттер бойынша пайыздардың қандай болатынын айқындайды.
Ұлттық банктің бағалауынша, оның өзгеруі инфляция деңгейіне бірден емес, шамамен 12-18 айдан кейін айтарлықтай әсер ете бастайды. Қысқа мерзімді перспективада мөлшерлеме өзгерісінің тиімділігі әлсіздеу болады.
Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты жоспарын бөлісті. Реттеуші ақпарына сәйкес, ол қазіргі ақша-кредит жағдайын, соның ішінде базалық мөлшерлемені 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін сақтауға ниетті.
Базалық мөлшерлеме қалай өзгерді?
Қазақстан 2025 жылды 15,25 пайыздық мөлшерлемемен бастады.
7 наурызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5 пайызға дейін көтеріп, бұл шешімді инфляция мен экономикалық өсім бойынша жаңартылған болжамдармен түсіндірді.
10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді. Ол жыл соңына дейін осы деңгейде сақталды.
2026 жылғы 23 қаңтарда мөлшерлемені тағы да бұрынғы жылдық 18 пайыз деңгейінде, +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен сақтап қалды.
6 наурызда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады. Ол тағы да бұрынғы жылдық 18 пайыз деңгейінде, +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен өзгеріссіз қалды.
Базалық мөлшерлеме қалай жұмыс істейді?
Базалық мөлшерлеменің өзгеруі ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлемелер мен айырбас бағамы арқылы инфляция деңгейіне әсер етеді. Базалық мөлшерлеме көтерілгенде, экономикадағы ақша "қымбаттайды" – кредиттер мен қарыздар бойынша пайыздар өседі. Нәтижесінде бизнес те, халық та аз жұмсап, көбірек жинай бастайды. Тұтынудың төмендеуі баға өсімін бәсеңдетеді, яғни инфляцияны тежейді.
Базалық мөлшерлеме теңгеге қалай әсер етеді?
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткенде, ақша арзандайды. Қысқа мерзімде бұл әдетте теңгенің әлсіреуіне әкеледі – валюта нарығына қатысушылар бағамның төмендеуін күтіп, ұлттық валютаға қарсы ойнай бастайды. Ұзақ мерзімді перспективада мөлшерлеменің төмендеуі инфляцияны бәсеңдетуі мүмкін, бұл, керісінше, теңгенің нығаюына септігін тигізеді.
Мөлшерлеме жылына неше рет өзгереді?
Базалық мөлшерлемені көтеру немесе төмендету туралы шешімді Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті қабылдайды. Оның отырыстары алдын ала бекітілген кесте бойынша жылына сегіз рет өткізіледі.
Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 5 маусымда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.