Қазақстандық оқушылар халықаралық химия олимпиадасында төрт медаль жеңіп алды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандық оқушылар халықаралық химия олимпиадасында төрт медаль жеңіп алды оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық оқушылар химиядан әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалардың бірінде төрт медаль жеңіп алды. Ташкентте өткен халықаралық додаға әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден астам дарынды оқушы қатысты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.


Қазақстанның ұлттық құрамасы 100 пайыздық нәтиже көрсетіп, команданың барлық төрт мүшесі жүлдегер атанды. Қоржынға бір алтын және үш күміс медаль түсті.

Алтын медальді Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Айзере Жеңісханова иеленді.

Күміс жүлдеге Алматыдағы №134 лицейдің оқушысы Данил Полетаев, сондай-ақ Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әбілмансұр Қали мен Spectrum International School мектебінің оқушысы Аңсар Жақсылықов ие болды.

Қатысушылар бес сағатқа созылған теориялық және практикалық кезеңдерде күрделі химиялық есептерді шығарып, зертханалық жұмыстарды орындады.

Халықаралық химия олимпиадасы мектеп оқушылары арасындағы әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың қатарына кіреді. Қазақстан бұл білім бәйгесіне 1998 жылдан бері тұрақты қатысып, жыл сайын жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Колумбияда өткен Халықаралық физика олимпиадасында қазақстандық оқушылар ел тарихында алғаш рет бес алтын медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке қол жеткізген еді.