Астанадағы нөсерден кейін Қазнет өз қаһармандарын тапты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Астанадағы нөсерден кейін Қазнет өз қаһармандарын тапты Кескін нейрожелі арқылы жасалған

Астанадағы нөсерден кейін әлеуметтік желілерде таби құбылыс салдары түсірілген видеолар тарай бастады. Бір кадрларда ер адам адамдарды су басқан жолдан көтеріп өткізіп жатса, енді бірінде полицей жалаң аяқ жол қозғалысын реттеп тұрғанын көруге болады. Желі қолданушылары бұл роликтерді қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды Tengri Life.


Жарияланған роликтер бірінде ер адам қала тұрғындарын терең шалшықтан көтеріп өтіп, жолдың құрғақ жеріне жетуге көмектесіп жатқаны көрінеді. Видео сипаттамасында оны "бүгінгі күннің қаһарманы" деп атаған.

Видео әлеуметтік желілерде тез тарап кетті. Пікір қалдырушылар мұндай жағдайда жолдың су басқан бөлігінен өз бетінше өте алмағандар үшін кішігірім көмектің өзі маңызды болғанын атап өтті. Көпшілігі ер адамға жанашырлығы үшін алғыс айтса, кейбірі дәл осындай іс-әрекеттер қиын сәттегі өзара көмектің үздік үлгісі екенін жазды.

Желі қолданушылары талқылап жатқан тағы бір видеода жергілікті тұрғындар нөсер кезінде жол қозғалысын реттеп тұрған полиция қызметкерін түсіріп алған. Жолдарды су басып, ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, ол өз бекетінде қала берген. Кадрлардан полицейдің аяқ киімсіз жүргені байқалады.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Tengri Astana (@tengri.astana) жарияланымы

Тәртіп сақшысының бұл әрекеті оқырмандар арасында үлкен резонанс тудырды. Көптеген қолданушы оған алғыс айтып, қызметіне адалдығын атап өтті.

"Жарайсың, мерзімінен бұрын шен немесе сыйақы беру керек", "Астана полициясы, жарайсыңдар", "Жаңа аяқ киімге сыйақы берілсін", "2018 жылғыдай жағдай қайталанып, ностальгия болды", - деп жазды желі қолданушылары ролик астындағы пікірлерде.

Өзгелері қызметкердің аяқ киімсіз жүргеніне назар аударып, оның денсаулығына алаңдаушылық білдірді.

"Аяғы тоңып қалды ғой, неге резеңке етік кимеген?" - деп жазды желі қолданушысы.

Біз Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметіне жағдайға пікір білдіруді және қызметкердің қандай жағдайда қызмет атқарғанын нақтылауды сұрап хабарластық. Материал жарияланған сәтте жауап түскен жоқ.

Астана әкімдігі баспасөз қызметі нөсердің көп мөлшерде түсуіне байланысты қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

"Қаланың нөсер кәріз жүйесі мен тазарту құрылыстары жауын-шашынның көп мөлшерін қабылдап, қалыпты жұмыс істеп тұр. Жекелеген учаскелерде уақытша су жиналу жағдайлары тіркеліп отыр. Жауын-шашын бір мезетте көп мөлшерде жауған кезде нөсер кәріз жүйесі жиналған суды орта есеппен 40 минуттан 1 сағатқа дейінгі аралықта толық қабылдайды", - деп бөлісті ведомство.

Фото: Астана әкімдігі баспасөз қызметі

Фото: Астана әкімдігі баспасөз қызметі

Ведомство коммуналдық қызмет өкілдері нөсер кәріздерін тазалау, құбырларды бумен шаю және инфрақұрылымды салу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатқанын атап өтті.

"Коммуналдық қызметтер тұрақты түрде кәріз коллекторлары мен жаңбыр суын қабылдау құдықтарын тазалау, құбырларды бумен шаю, нөсер кәріз жүйелері мен тазарту құрылыстарын салу және басқа да жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді", - деп толықтырды баспасөз қызметі.

Фото: Астана әкімдігі баспасөз қызметі

Фото: Астана әкімдігі баспасөз қызметі

Еске салсақ, 23 шілдеде Астанада күн күркіреп, бұршақ аралас нөсер жауды. Қолайсыз ауа райы қатты желмен ұласты. Бұған дейін синоптиктер елорда тұрғындарына ауа райы бұзылатынын ескерткен болатын.

"Қазгидромет" мәліметінше, 23 шілдеде Астанада жаңбыр жауып, күн күркірейтіні, бұршақ жауып, солтүстік, солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9–14 метрге дейін күшеюі күтілген.

Жаңартылған болжамға сәйкес, тұрақсыз ауа райы тағы біраз уақыт сақталады. 24 шілдеде Астанада күн бұлтты болады, кей жерлерде жаңбыр жауып, күн күркірейді, күндіз ауа температурасы +25…+27 градус болады. 25 шілдеде де жаңбыр мен күн күркіреуі болжанады, күндізгі температура +27…+29 градус. Синоптиктердің болжамы бойынша, 26 шілдеде жауын-шашын тоқтайды: күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз болады, ал ауа температурасы +30…+32 градусқа дейін көтеріледі.

Тағы оқыңыз: Астанада “Титаниктегі“ көрініс қайталанды