Астанада “Титаниктегі“ көрініс қайталанды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Астанада “Титаниктегі“ көрініс қайталанды Бейнеден алынған кадр

Астанадағы нөсерден кейін әлеуметтік желілерде пайдаланушылар "Титаник" фильміндегі көрініске теңеген видео тарады. Кадрлардан су астында қалған көлік төбесінде судың қайтқанын немесе көмекті күтіп тұрған екі адамды көруге болады, деп хабарлайды Tengri Life.


Куәгерлер мен желі қолданушыларының айтуынша, видео Бауыржан Момышұлы мен Тоқпанов көшелерінің қиылысында түсірілген.

Видеода жеңіл көлік су астында қалғаны көрінеді. Су деңгейінің жоғары көтерілгені соншалық, ішіндегі адамдар сыртқа шығып, көлік төбесінде отыруға мәжбүр болған. Дәл осы көрініс көпшілікке танымал фильмдегі Джек пен Роза бейнеленген кадрды еске түсірді.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

ASTANA / НОВОСТИ / АСТАНА (@astanovka98) жарияланымы

Кейін Бауыржан Момышұлы мен Тоқпанов көшелері қиылысында нөсерден кейін көлік расында су астында қалғаны белгілі болды. Мәліметтерге сүйенсек, су деңгейі көлік төбесіне дейін жеткен, ал адамдар су қайтқанша немесе көмек келгенше капот үстіне шығып күтуге мәжбүр болған. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Еске салсақ, қолайсыз ауа райы елордада сағат 14:00-ден кейін басталып, қаланың оң жағалауы мен сол жағалауын түгел қамтыды. Таңертең сіркіреген жаңбыр тез арада күн күркіреп, бұршақ жауып, қатты жел тұрған нөсерге ұласты. Бұл ретте жауын-шашын қарқындылығы әр ауданда әртүрлі болды. Атап айтқанда, қаланың оң жағалауындағы тұрғындар бұршақ жауғанын хабарлады.

Желі қолданушыларының реакциясы

Елорда тұрғындары әлеуметтік желілерде қолайсыз ауа райының салдары бейнеленген суреттер мен видеоларды жаппай жариялады.

"Бұл не болды? Қандай ақырзаман? Өмірімде бірінші рет көруім", - деп жергілікті тұрғындардың бірі көрген жайтты эмоциямен сипаттады.

Жаңбырдан кейін жолдарда көлшік пайда болып, тұрғындар бірнеше көшеде, соның ішінде Бауыржан Момышұлы мен Тәуелсіздік даңғылдарында су басу жағдайлары туралы хабарлады.

Суға батқан көлік туралы ролик желі қолданушыларының назарын тез аударды. Көбі бұл жағдайды киномен салыстырса, кейбірі басында видео жасанды интеллект көмегімен жасалған деп болжаған.

Кейбіреулер көріністің толық болуы үшін тек фильмдегі музыка жетіспей тұрғанын атап өтті.

"Титаник", "Titanic Kazakh edition. Жәнібек пен Роза", "Титаниктің әнін неге қоймаған?" - деп пікір қалдырушылардың бірі әзілдеді.

Бұл ретте пікірлердің басым бөлігі роликтің өзіне емес, қала инфрақұрылымының жай-күйіне қатысты болды. Желі қолданушылары нөсерден кейін су басатынын талқылап, мұндай жағдай қайталана беретініне наразылық білдірді.

"Әр нөсер сайын сынақ: қызметтер үлгере ме әлде адамдар тағы да өз бетінше құтыла ма?", "Жыл сайын бір жағдай", "Момышұлындағы бұл тасқынды бәрі біледі, бірақ ешкім ештеңе істемейді", "Сол жағалауда қатты жаңбыр неге мүлікке осыншама зиян келтіреді? Әр кез осылай. Бір амалын табуға болмай ма?" - деп жазды пікір қалдырушылар.

Кейбір желі қолданушылары көлік иесіне жанашырлық танытты.

"Көлік иесін аяп кеттім", "Бұл жерде күлетін ештеңе жоқ. Бұл азаматқа көлігін кім қалпына келтіріп береді? Бұл оның кінәсі емес қой", - деп жазды желі қолданушылары.

Пайдаланушылар назар аударған тағы бір жайт - жолдың бір бөлігіндегі су тереңдігінің айырмашылығы.

"Қызығы сол, тура екі метр жерде өтіп бара жатқан автобустың дөңгелегі жартылай да суға батпаған, ал мына жерде көлік батып кеткен", - деп атап өтті пікір жазушылар.

Қолайсыз ауа райы қарсаңында синоптиктер елорда тұрғындарына ауа райы нашарлайтынын ескерткен болатын. Қазгидромет мәліметінше, 23 шілдеде Астанада жаңбыр жауып, күн күркірейтіні, бұршақ жауып, солтүстік, солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9–14 метрге дейін күшеюі күтілген еді.

Синоптиктер Астанада жаңбыр қашан тоқтайтынын айтты

Жаңартылған болжамға сәйкес, тұрақсыз ауа райы тағы біраз уақыт сақталады. 24 шілдеде Астанада күн бұлтты болады, кей жерлерде жаңбыр жауып, күн күркірейді, күндіз ауа температурасы +25…+27 градус болады. 25 шілдеде де жаңбыр мен күн күркіреуі болжанады, күндізгі температура +27…+29 градус. Синоптиктердің болжамы бойынша, 26 шілдеде жауын-шашын тоқтайды: күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз болады, ал ауа температурасы +30…+32 градусқа дейін көтеріледі.

Тағы оқыңыз: “Мұндайды бірінші рет көруім“. Астанада ауа райы күрт бұзылды