Заңгер де, экономист те емес: 2026 жылы Қазақстандағы талапкерлер қандай мамандықты таңдайды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Заңгер де, экономист те емес: 2026 жылы Қазақстандағы талапкерлер қандай мамандықты таңдайды? Фото:depositphotos.com

Қазақстанда талапкерлер бірнеше жыл қатарынан бір бағыттар бойынша таңдау жасап келеді. Биылғы қабылдау науқанында инженерлік, педагогикалық және IT мамандықтарына ең көп өтініш түскен, деп хабарлайды Tengri Education Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Қай бағыттар сұранысқа ие болды?

Ведомство мәліметінше, оқуға түсушілер арасындағы көшбасшылар үштігі бірнеше жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр. Ең көп өтініш келесі бағыттар бойынша берілген:

  • "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары";
  • "Педагогикалық ғылымдар";
  • "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар".

Бұл ретте бір гранттық орынға ең жоғары конкурс жаппай сұранысқа ие бағыттарда емес, болашақ аудармашылар, дипломаттар, заңгерлер, психологтар мен мұғалімдер арасында болады деп күтіледі.

Айта кетейік, 2024 жылы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек талапкерлер арасында сұранысқа ие бағыттар "Педагогикалық ғылымдар", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары", сондай-ақ "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" болғанын айтқан еді. Осы мамандықтар 2025 жылы да танымалдар қатарынан табылды.

Өтініш саны артты

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға 127 мыңға жуық талапкер құжат тапсырды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 14 мыңға көп. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы 113 мыңға жуық өтініш қабылданған болатын.

Өтініштер санының артуы биыл тегін оқуға бәсекелестік жоғары болатынын білдіреді, әсіресе сұранысқа ие мамандықтар бойынша байқау күшейе түспек.

Гранттар қалай бөлінді?

2026 жылы бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға 75 мыңнан астам білім беру гранты бөлінді.

Баспасөз қызметі мәліметінше, гранттардың басым бөлігі экономиканың басым салаларындағы мамандарды даярлауға бағытталған.

"Гранттардың басым бөлігі (60 пайызы) инженерлік бағыттағы мамандықтарға, 20 пайызы – педагогикалық мамандықтарға, 20 пайызы – басқа салаларға еңбек нарығындағы қажеттілікті ескере отырып берілді", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Нәтижелер қашан белгілі болады?

Білім беру гранттарын тағайындау туралы шешімді құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен қоғам қайраткерлері кіретін Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды.

Білім гранты иегерлерінің тізімін 10 тамызға дейін жариялау жоспарланған, ал студенттерді жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін аяқталады.

Тағы оқыңыз: Қазақстандық оқушылар халықаралық химия олимпиадасында төрт медаль жеңіп алды