Биткоин алғаш рет 111 мың доллардан асып, жаңа тарихи рекорд орнатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі CoinMarketCap платформасына сілтеме жасап.
Платформа деректеріне сәйкес, биткоин 111 746 долларға дейін өсіп, соңғы тәулікте 3,67 пайызға көтерілген. Астана уақыты бойынша сағат 10:50-де биткоин бағамы 111 364 доллар болды.
Алдыңғы рекорд АҚШ президенті Дональд Трамптың инаугурациясы қарсаңында тіркелген болатын – сол кезде биткоин бағасы 108 мың доллардан асқан еді.
Не себеп болды?
21 мамыр кешке АҚШ Сенаты GENIUS Act деп аталатын заң жобасын алға жылжыту үшін дауыс берді. Бұл заң стейблкоиндарды (долларға немесе басқа активтерге байланған криптовалюталар) реттейтін федералды ережелерді енгізеді. 66 сенатор қолдап, 32-сі қарсы дауыс берді.
Көпшілік бұл заң жобасының қабылдануын криптоиндустрия үшін жағымды жаңалық деп есептейді, себебі салаға бұрыннан бері нақты әрі түсінікті ережелер қажет болған.
Апта соңына дейін Сенат бұл заң жобасын толық мақұлдайды деп күтіледі. Одан кейін ол АҚШ президенті Дональд Трампқа қол қоюға жіберіледі.
Аналитиктердің пікірінше, егер бұл үрдіс жалғаса берсе, биткоин жыл соңына дейін тағы да рекорд жаңартуы мүмкін.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!