БҚО-да жас келіндер сынға түсті 22 қыркүйек 2023, 11:13

Күні кеше ғана Орал қаласында "Жас келін - 2023" аймақтық келіндер байқауы ұйымдастырылды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен аймақтық байқауға Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан және өңірдің аудандарынан 13 келін қатысты. Жас келіндердің шаңырақтың ұйытқысына айналып, отбасылық құндылықтарды насихаттап, өмірлік тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасауды мақсат еткен байқау екі күнге созылды. Байқаудың "Бармағынан бал тамған" бөлімі "Ағайын Холл" мейрамханасында ұйымдастырылды. Бұл бәсекеде жас келіндер ұмытылып бара жатқан қарын бүрме, өрме төс, сүмесүт секілді ұлттық тағамдарды дайындап, жасалу әдісімен таныстырды. Екі күндік байқаудың ерекшелігі жас келіндер байқауда бақ сынап қана қоймай, отбасылық өмірде күміс той, алтын тойларын тойлап, гауһар тойға қадам басқан жұбайлардың әңгімесін тыңдап, белгілі ақын–жазушы Дариға Мұштанованың "Аңыз болған абысындар" қойылымын тамашалап, рухани демалды. Екінші күні Жастар мәдениет үйінде байқаудың негізгі бөлігі өтті. Ұлттық дәстүрді ұлықтаған жас келіндер "Қайынжұртым-қадірім" бөлімінде өз отбасын кеңінен таныстырып, кейбірі бір күні қалай өтетінін жұртшылыққа паш етті. Бейнебаяннан түйгеніміз, жас келіндердің көпшілігі ауылда тұрады екен. Арасында қаладан ауылға келін болып жүрген қыздар да бар. Соған қарамастан басым бөлігі ауылдың тірлігін өте жақсы меңгерген. Бұл олардың сиыр сауып, құрт жасап, қазанға бауырсақ пісіріп, ата-енесіне шай құйып, ылдым-жылдым жүгіріп жүргенінен-ақ байқалады. Осы бөлімде кей келіндер сөзін ұмытып қалып жатты. Бірақ бейнебаяннан кей келіндердің сөзге жоқ болғанмен, іске шаруа екені көзіқарақты көрерменге сезіліп тұрды. "Анамның тәрбиесі" бөлімінде жас келіндер ситуациялық сұрақтарға ұтымды жауап беруге тырысты. Байқау кезеңдерінде үміткерлер өз өнерін көрсетіп, сахнада ұлттық киімдерді насихаттады.
Жас келіндерге облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Шалқыма Құрманалина, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, жазушы-ақын Дариға Мұштанова, "Ағайын холл" мейрамханасының бас аспазшысы Жұмасұлу Шамекейқызы, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, "Қазақ аналары - дәстүрге жол" республикалық ҚБ БҚО филиалының төрайымы, дәстүрлі әнші Күләш Қуанышқалиева, "Мария ханым" сән салонының басшысы Жұлдыз Құспанова төрелік жасады. Қазылар алқасының төрайымы Шалқыма Құрманалина жас келіндердің байқауға қатысу белсенділігін ерекше атап өтті.
Бұл байқауға енесін ертіп келген келіндер бар. Ене мен келінің арасындағы сыйластықты, бірі біріне деген ізгі құрметті көріп қуандық. Ененің бабын тауып, тілін тапқан келін ақылды келін. Байқау барысында өңірімізде жан-жақты, білімді, мәдениетті, ісмер, аспаз, ақылына көркі сай келіндер көп екендігін байқады. Олардың ұлттық дәстүрді сақтап қана қоймай, оны насихаттайтынын білдік, – дейді Шалқыма Хайроллақызы.
Маңғыстаудан келген Бақтыгүл Нұрланованың жасы 23-те. Ол байқаудың барлық кезеңдеріне арнайы дайындалған.
Маңғыстаудың келінімін. 2020 жылы алып қашу дәстүрімен Маңғыстау өңіріне сонің ішінде Адай жұртшылығына келін болып түстім. Келін болғаныма биыл үш жыл толды. Бұл байқауға енеммен, қайынапаларыммен келдім. "Бармағынан бал тамған" бөлімі бойынша өрметұс, үлпершек, сүсмесүт дайындадым. Өзім түйе сауамын. Бұндай байқаулар ұлттық сал-дәстүірімізді ұмытпауға ықпал етеді. Бұдан бұрын да Жаңаөзенде келіндер байқауына қатысып, ибалы келін атандым. "Ене мен келін" байқауында бірінші орын иелендік, – дейді маңғыстаулық келін.
Жас келіндердің ақылы мен парасаты сынға түскен байқаудың қорытындысында бас жүлдеге жәнібектік Бағдагүл Қарабасова лайық деп танылды. Теректілік келін Мөлдір Ізғалиева бірінші, ақтөбелік Хұсни Ғабсаттар екінші, бөкейлік Гүлзада Жауылбаева үшінші орын биігінен көрінді. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерге диплом мен қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды.
- ПОДЕЛИТЬСЯ