Емтихан бағасын ашық саудалаған мұғалім жұмыс істеген колледждің бірқатар маманы жұмыстан қуылды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында айтылды.
Емтихан бағасын ашық саудалаған мұғалім жұмыс істеген колледждің бірқатар маманы жұмыстан қуылды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында айтылды.
Берілген жауапта оқиғаның Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінде 2016 болғаны айтылады. Сонымен, министрліктің жауабына қарағанда, колледж әкімшілігі 2016 жылғы 11 ақпандағы № К-37 бұйрығымен колледж оқытушысы Нұржамал Жанбосынова ҚР "Еңбек кодексінің" 52-бабы 1-бөлігі, 14-тармағына сәйкес жұмыстан босатылған.
Осыдан кейін 2016 жылғы 11 ақпандағы №31 бұйрыққа сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасының сарапшысы мен персоналды басқару бас маманы бұл колледждегі мәселені зерделеуге іссапарға жолданған. "Зерделеу комиссиясының қорытындысы бойынша, колледж директорының міндетін атқарушы Бақыт Даулетовтің 2016 жылғы 12 ақпандағы № К-38 бұйрығымен кәсіптік оқыту бөлімінің меңгерушісі Ж. Қилыбаева және бөлім меңгерушісі Т. Бектұров лауазымдық қызметінен босатылған. Сонымен бірге колледждің бөлім меңгерушілері Қ. Сейтжапбарова мен З. Уразбаеваға ҚР Еңбек кодексінің 64-бабының 1-тармағы, 3-тармақшасына сәйкес қатаң сөгіс берілген", - делінген хабарламада.
Еске салайық, колледж мұғалімінің емтихан бағасын саудалап отырған сәтінде видеоға түсіп қалғаны хабарланған болатын. Емтихан бағасын Түлкібас ауданындағы агробизнес және туризм колледжінде математика пәнінің мұғалімі саудалаған. Әйелдің бұл әрекеті видеоға түсірілген, кейін әлеуметтік желіге салынған. Педагог видеода емтихан бағасының 2000 теңге екенін, ал тоқсандық бағаның 1500 теңге екенін айтады. Ал шәкіртақы түскенше қарызға қойып беруін сұраған студенттерге мұғалім қарсы шығады.