Астанада танымал сауда желілерінің супермаркеттерінде картоп сатылымына шектеу енгізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Tengrinews.kz тілшісі елордалық супермаркеттердің бірінде хабарламаны байқады. Онда бірінші сұрыптағы картоп бір қолға 5 келіден артық берілмейтіні айтылған.
Фото: ©️ Tengrinews.kz
Tengrinews.kz редакциясы бұл жағдай бойынша Small супермаркеті, Астана әкімдігі және Сауда және интеграция министрлігінен пікір сұрады
Елордадағы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, қалада картоп тапшылығы жоқ. Өнім сауда желілері мен базарлардың сөрелерінде жеткілікті мөлшерде ұсынылған, ал оның қоры уақытылы толықтырылып отырады.
"Өнімді шағын дүкендер арқылы қайта сатуға алыпсатарлардың жаппай сатып алуын болдырмау мақсатында Small және Spar желілеріндегі сауда нүктелерінде картоп сатылымына уақытша шектеу енгізілді – бір қолға 5 келіден артық берілмейді", – деп жауап берді басқарма.
Сауда министрлігі де елордада, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінде картоп тапшылығы жоқ екенін растады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!