Астананың 47 жастағы тұрғыны бір күн ішінде қоғамдық орындарда агрессивті мінез-құлық көрсеткені үшін полицияға түскен үш шағымның фигуранты атанды. Нәтижесінде сот оған әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады, деп хабарлайды Tengrinews.kz елордалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, алғашқы оқиға қалалық автобуста болған. Мас күйдегі ер адам былапыт сөйлеп, жолаушы әйелмен жанжалға түскен. Осыдан кейін әйел адам полицияға арызданған.
Автобустан түскеннен кейін де ер адам агрессивті әрекетін тоқтатпаған. Ол автобус аялдамасында тағы бір әйелмен жанжалдасып, балағат сөздер айтқан.
Кейінірек астаналық тұрғын велосипедшімен сөзге келіп қалған. Жанжал кезінде ол ер адамның велосипедін лақтырып жіберген, содан соң зардап шегуші де полицияға жүгінген.
Полицейлер құқықбұзушының кім екенін анықтап, оны ұстады. Ер адамға қатысты ұсақ бұзақылықтың екі эпизоды, сондай-ақ қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік материалдар толтырылды.
Сот шешімімен құқықбұзушы 10 тәулікке қамауға алынды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзу, агрессивті мінез-құлық және айналасындағыларға құрмет көрсетпеу жауапкершілікке әкеп соғатынын, ал кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылатынын еске салды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Көкшетауда барбершопта музыкаға қатысты туындаған жанжалдан кейін ұсақ бұзақылық жасаған әйел сегіз тәулікке қамауға алынған болатын.