Қазақстандық өзгенің несиесін төлеп, соңында сот арқылы ақшасын қайтарып алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Жамбыл облыстық сотына сілтеме жасап.
Шу аудандық соты ақшалай қаражатты өндіріп алу туралы талап бойынша азаматтық істі қарады. Сот жауапкер мен микроқаржы ұйымы арасында қарыз шарты жасалғанын анықтады. Талап қоюшы азамат К. жауапкердің міндеттемелері бойынша кепілгер болған.
Жауапкер қарызды қайтару бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты, азамат К. қаржы ұйымы алдындағы берешекті өз қаражаты есебінен өтеуге мәжбүр болған.
Осыдан кейін азамат К. сотқа жүгініп, қарыз алушыдан міндеттемелер бойынша төленген соманы өндіріп алуды талап етті. Дәлел ретінде ол төлем құжаттарын ұсынған.
Сот дәлелдемелерді зерттеп, талап қоюшының кредитор алдындағы қарызды өтеу дерегін растады. Талап арыз толық көлемде қанағаттандырылды.
Жауапкерден 569 мың теңге және мемлекеттік баж салығы өндірілді. Шешім заңды күшіне енді.