28 ақпан 2022 14:41

"Бірінші әйелдер мен балаларды жеткіземіз". Кәлетаев Украинадағы жағдай туралы айтты

Дина Шарипханова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото ©REUTERS Фото ©REUTERS

Украинадан қазақстандықтарды эвакуациялайтын алғашқы ұшақ Польшаның Катовице қаласына аттанды. Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Кәлетаев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында бірінші қай санаттағы азаматтар ұшатыны туралы айтып берді.


Украинадан қазақстандықтарды эвакуациялайтын алғашқы ұшақ Польшаның Катовице қаласына аттанды. Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Кәлетаев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында бірінші қай санаттағы азаматтар ұшатыны туралы айтып берді.

Дипломаттың айтуынша, Қазақстанға бірінші 167 отандасымыз ұшады. Ең алдымен елшілік қызметкерлері әйелдер мен балаларды жеткізеді. Сондай-ақ, бұл рейске түрлі дертке шалдыққан, медициналық көмекке мұқтаж қазақстандықтар мінеді.

"Қазір бұл мәселемен жолаушылар тізімі бойынша Air Astana әуекомпаниясы айналысып жатыр. Кеше түнде Украина мен Польша шекарасында тұрған төрт автобустың бірі қазір Катовице әуежайына жетті. Тағы екі автобус әлі де жолда. Төртінші автобус қайда екенін анықтап жатырмыз: қоңырау шалып жатырмыз, бірақ байланыс жоқ. Алайда, осы төртінші автобустағылардың көпшілігі алдыңғы автобустарға ауысқан", - деді Кәлетаев.

Сондай-ақ, елші қазақстандықтар Украина мен Польша шекарасында 20 сағатқа жуық тұрғанын айтты.

"Польшада оларды әуежай маңындағы қонақүйге орналастырады. Бұл мәселемен Қазақстанның Польшадағы елшілігі қызметкерлері айналысып жатыр. Отандастарымызды тамақтандыру мен орналастыру ұйымдастырылған", - деп қосты ол.

Кәлетаев бірінші ұшақ Қазақстанға ұшқаннан кейін тағы 130-ға жуық азаматты алып шығу керек екенін айтты.

"Львовтағы консулдыққа 40 адам жиналды, олар кетуге дайындалып жатыр. Тағы 12 адам Харьковтан Львовқа бет алды. Сондай-ақ, тағы 40 адам Киевтен кетуі керек", - деді дипломат.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Вмести сила (@_kz_dalnoboi)

Сонымен қатар, Дархан Кәлетаев Украинада тұрып жатқан жүк тасымалдаушылар жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандық дипломаттар 10 жүк көлігінің елден кетуіне көмектескен.

"Бізге Ресей азаматтары көп келіп жатыр. Бірақ бірінші кезекте ел азаматтарын эвакуациялаумен айналысып жатырмыз. Сонымен қатар қырғыздар да ұшақтан 100 орын беру туралы өтінішпен жүгінді. Бірақ өз азаматтарымызды эвакуацияламайынша, бұл мүмкін емес, яғни әзірге мүмкіндік жоқ. Украинада Өзбекстан азаматтары да көп", - деді ол.

Дипломаттың айтуынша, Украинада 10 мыңға жуық қазақ диаспорасы бар. Алайда олар әлі Қазақстан елшілігінен көмек сұрап жүгінбеген.

"Кеше мен диаспораларға хал-жағдайын білу үшін телефон соқтым. Олар үйде отырғанын айтты, бәрі жақсы сияқты. Бірақ одан әрі шиеленісе, елшілікке келіп, көмек сұрай алады. Қазақ бауырларымызды қалдырмаймыз, сондықтан көмектесеміз. Дегенмен, Украина мен Ресей арасындағы бүгінгі келіссөздер нәтижесінде келісімге келеді деп сенемін", - деп түйіндеді сөзін Дархан Кәлетаев.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 440.97   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети