Бүгін Алматыда ереуілге шыққан автобус жүргізушілеріне сөгіс жарияланады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Green Bus компаниясының директоры Бауыржан Құлышевке сілтеме жасап. Айта кетейік, Алматыдағы №1 автопаркінің жүргізушілері жұмысқа шықпай қойған еді.
Бүгін Алматыда ереуілге шыққан автобус жүргізушілеріне сөгіс жарияланады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Green Bus компаниясының директоры Бауыржан Құлышевке сілтеме жасап. Айта кетейік, Алматыдағы №1 автопаркінің жүргізушілері жұмысқа шықпай қойған еді.
"Барлығына сөгіс жарияланады. Ертең олар жұмысқа шығады. Олардың наразылығы негізсіз болды. 1200-ден аса жүргізуші жұмысқа шығады, олар да жалақы алды. Ешқайсысы шағым айтпады, ал осы жалақы алған 40 жүргізушінің ішінде 26-сы 100 мың теңгеден асатын жалақы алды. Қалғандарыныкі аспаған, бірақ олар аз жұмыс істеді және олар жоспарды орындағандардың жалақысын талап етті. Біз оларға жоспарды орындамағанын түсіндірдік. Олар жолаушылардан күніне 5000 теңгеден ақша алып отыруды әдетке айналдырған, біз осының барлығын тоқтатқанымызда, айыппұл сала бастағанымызда сөгіс жариялай бастағанымызда олар жалақыға назар аудара бастады, себебі ол азайып кетті", - деді ол.
Сонымен қатар, компанияның баспасөз парағында 26 мың теңге жалақы алған жүргізушінің бір айда 6 ғана күн жұмыс істегені айтылады.
2016 жылдың 1 наурызынан 6 сәуіріне дейін № автобус паркінің жүргізушілерінің жолаушылардан ақша алған 332 жағдайы тіркеліпті. 12 жүргізуші жұмыстан шығарылып, 63-іне сөгіс жарияланған.
Еске салайық, бүгін Алматыдағы №1 автопаркінің 70-ке жуық жүргізушісі жұмысқа шықпай қойған еді. Айтуларынша, олар маршруттарға автопарк басшылығы жалақыны өсірмейінше шықпайды. "Біздің автобус паркіміз муниципал болғанда мен 120 мың теңге айлық алатынмын. Бірақ осымен екінші ай тиын-тебен алып жүрміз. Өткен айда 26 мың теңге алдым, кейін жақсы болады деп уәде берген, жұмысты жалғастыра берсек, 100 мың теңге беретінін айтқан. Қазір маған 57 мың теңге жалақы берді. Олар біздің еңбегімізді бағаламай отыр ғой", - деді жүргізушілердің бірі. Автопарк жүргізушілері өткен екі айдағы жалақыны бермесе, жұмысқа шықпайтынын айтып отыр.
Кейін Алматыдағы №1 автопаркіне иелік ететін Green Bus компаниясының өкілдері жүргізушілердің жұмысқа шықпай қойғанына қатысты түсінік берді. Компанияның директоры Бауыржан Құлышев жалақының аз болуын жүргізушілердің жоспарды орындамайтынымен түсіндірді. Айтуынша, жүргізушілер жоспар бойынша емес, жұмыс сағаты бойынша жұмыс істеп үйреніп қалған. "Green Bus компаниясы 1 ақпаннан бастап жұмыс істей бастады, ақпан айының жалақысын біз толықтай төледік, наурыз айы үшін де төледік. Жүргізушілер істеген күндер бойынша олар 120-150 мың теңгеден алуы керек еді. Бірақ олар 60-70 мыңнан алды", - деді Құлышев.