Бұрыш баллоны мен электршокерлер: қазақстандықтар заңды бұзбай қалай қорғана алады?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бұрыш баллоны мен электршокерлер: қазақстандықтар заңды бұзбай қалай қорғана алады? Фото:depositphotos.com

Қазақстандықтар өзін-өзі қорғау үшін бұрыш баллоны мен электршокерлерді қолдана ала ма? Бұл сұраққа Алматы қалалық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов брифинг барысында жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.


Қазақстандықтар өзін-өзі қорғау үшін бұрыш баллоны мен электршокерлерді қолдана ала ма? Бұл сұраққа Алматы қалалық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов брифинг барысында жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Полицияның жауабы

Спикер қазақстандықтардың қажет болған жағдайда өзін-өзі қорғаудың белгілі бір құралдарын пайдалануға құқылы екенін, алайда оларды қолдану қауіп деңгейіне сәйкес болуы керектігін атап өтті.

"Бұрыш баллонын белгіленген ережелерді (соның ішінде оны тасымалдау талаптарын - ред. ескертпесі) сақтай отырып, азаматтық мақсатта пайдалануға рұқсат етіледі. Электршокерлердің тек сертификатталған түрлерін қолдануға болады. Әрине, біз қорғаныс құралының бұл түрін ешкімге ұсынбаймыз", - деп жауап берді Айтан Елеусізов.

Ол сондай-ақ бұрыш баллонын қолданған кезде де оның қауіп деңгейіне сай болуы қажеттігін баса айтты. Бұл ретте ол оның газ баллонынан айырмашылығы бар екенін түсіндірді.

"Жанжалдың бастапқы сатысында, яғни ауызша жанжал кезінде бұрыш баллонын қолдану құқық бұзушылық болып саналады", - деп толықтырды басқарма басшысының орынбасары.

Қазақстанда өзін-өзі қорғаудың қандай құралдарына рұқсат берілген?

Заңға сәйкес, қажетті қорғаныс - бұл өзін, басқа адамдарды, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қауіпті қолсұғушылықтан қорғау.

Бұл ретте адамның шабуылдан құтылу немесе көмекке жүгіну мүмкіндігі болған-болмағанына қарамастан, өзін-өзі қорғауға құқығы бар.

Қазақстанда өзін-өзі қорғаудың кейбір құралдарын қолдануға рұқсат етілген, бірақ олардың бір бөлігі үшін полицияның рұқсаты қажет.

ІІМ мәліметінше, электршокерлер "электрлі қару" санатына жатады және оларды тек кәмелетке толғандар ғана сатып ала алады – ол үшін тіркеу және сақтауға рұқсат қажет.

Бұрыш баллоны мен басқа да аэрозольді шашыратқыштар өзін-өзі қорғаудың азаматтық қаруы болып саналады. Оларды да тек 18 жастан бастап, сатушының нұсқаулығынан өткеннен кейін, тіркеусіз сатып алуға болады.

Заңгер Надежда Гельдт бұған дейін газ баллонын сатып алу үшін жеке куәлікті көрсету, сатушыдан қысқаша нұсқаулық алу және пайдалану ережелерімен танысқаныңыз туралы журналға қол қою жеткілікті екенін атап өткен.

Сонымен қатар мұндай құралдарды тек өзін-өзі қорғау мақсатында ғана пайдалануға болады. Егер оларды, мысалы, қорқыту немесе шабуыл жасау үшін қолданса, бұл салдарына байланысты әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 474.04   549.92   6.39 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер