Қарағанды облысында 37 жастағы ер адам өзін өрт қауіпсіздігі қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, жергілікті кәсіпкерлерден ақша бопсалаған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
"Өзін ТЖМ қызметкерімін деп таныстырған"
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті кәсіпкерлерге қоңырау шалып, өзін Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерімін деп таныстырған және оларды өрт дабылын тез арада ауыстыру қажеттігіне сендірген. Ол кері жағдайда бизнеске қомақты айыппұл салынатынын айтып қорқытқан.
Сенімге кіру үшін ер адам жабдықтарды нарықтық бағадан төмен бағамен "сенімді жеткізушілер" арқылы сатып алуды ұсынған. Осыдан кейін ол ақшаны өзі пайдаланып жүрген туыстары мен таныстарының банк шоттарына аударуды сұраған.
Маусым айында полицияға арызданған жергілікті кәсіпкер алаяқтық схеманың құрбандарының бірі болғанын айтқан. Тергеу мәліметтері бойынша, шығын көлемі шамамен 200 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің кім екенін анықтап, оны ұстады. Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Полиция кеңесі
Қарағанды облысының Полиция департаменті кәсіпкерлер мен өңір тұрғындарын қырағы болуға шақырды.
Полиция өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, жабдықты шұғыл сатып алуды, ақша аударуды немесе қандай да бір қызмет ақысын төлеуді талап ететін бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырды.
Сондай-ақ полицейлер бейтаныс адамдарға ақша аудармауды ескертеді. Егер алаяқтарға тап болдым деп күдіктенсеңіз, дереу "102" телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.