Белгілі продюсер Баян Есентаеваның жағдайы әзірше тұрақты. Ол есін жиды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ақниет Балтанова айтып берді.
Белгілі продюсер Баян Есентаеваның жағдайы әзірше тұрақты. Ол есін жиды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ақниет Балтанова айтып берді.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, Баян Есентаева Талғар ауданындағы Орталық ауруханаға 10 маусым күні сағат 12.15-те жеткізілген. Продюсер пышақ жарақатын, бассүйек ми жарақатын алған және мұрны сынған. Оған ота жасалды. "Ол есін жиды, жағдайы тұрақты", - деді Ақниет Балтанова.
"Емделушінің жағдайы ауыр, тұрақты. Жансақтау бөлімінде жатыр. Кеше барлық мамандар: окулистер, нейрохирургтар қарап шықты. Бассүйек миына, көкірек қуысына компьютерлік томография жасалды. Жабық бассүйек ми жарақаты, пышақ жарақатымен түсті. Ота жасалды. Есін жиды. Басқа ота жасау жоспарда жоқ. Көзі де жарақаттанған", - деді емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары Ербол Сәрсенбаев.
Айта кетейік, Баян Есентаева зардап шеккен жанжал 10 маусымда Құлжа тас жолында Еңбекші ауылының маңындағы жанар-жағармай бекетіне қарама-қарсы тұста болған. Куәгердің айтуынша, жанармай құю бекетіне қарама-қарсы тұста екі көлік тұрған. Олардың маңында ер адам мен әйел ұрысып жатқан. "Шулы орын болғандықтан олардың айғайы естілмеді. Ер адам көшеде тұрды, әйел болса көлікті айнала жүгіріп, терезесін қағып жатты. Бастапқыда назар аудармадық, қыз бен жігіт ұрысып жатқан шығар дедік те қойдық. Кейін ғана танымал адамдар екенін білдік", - дейді куәгер.
ІІД мәліметінше, бұл дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті ретінде оның күйеуі тіркелген. Оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр. Бұл мәліметті ІІД өкілдері растап отыр.