1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Дәріханаларда баға көтерілген жоқ - әкімдік

Сурет: elements.envato.com Сурет: elements.envato.com

Қазақстан фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова дәрі-дәрмек бағасының өсуіне қатысты жағдайға түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Онлайн-брифингте журналистер Алматыда адамдар неге баға негізсіз, екі, үш, тіпті бес есе өсетінін айтып, шағымданатынын сұрады. Марина Дурманова дәрілік заттарға шекті баға Денсаулық сақтау министрлігінің № 104 бұйрығында бекітілгенін және оларды ешкім бұзбағанын айтты.

"Өзін құрметтейтін кез келген кәсіпкер оны бұзбайды. Себебі бұл үшін айыппұл қарастырылған, ал дерек қайталанса, алты айға лицензия тоқтайды. Мысалы, бұрын парацетамол 70-80 теңге тұрса, дәріхана 128 теңгеге дейін көтере алады, себебі бұл оның шекті бағасы. Бірақ дәріханалық ұйымдардың ешқайсы көтермеді. Бағаның өсуі туралы әңгіме бар, иә. Бірақ шекті бағаны бұзғандар болған жоқ", - деп түсіндірді Марина Дурманова.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев дәріханалардағы бағаны күніне екі рет бақылайтын мониторинг тобы бар екенін айтты.

"Бірде-бір дерек анықталған жоқ (шекті бағаны өсіру - автор). Мұндай ақпарат қайдан пайда болады? Алғашқы күндері біз қатаң бақылауға алмай тұрып алыпсатарлар, соның ішінде қарапайым тұрғындар парацетамолдың үш қаптамасының орнына, мысалы, 100 қаптамадан сатып алған болатын. Содан кейін Интернет арқылы сатылды. Осы деректердің барлығы құқық қорғау органдарына жіберілді. 11-ден астам жағдай анықталды, олар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді Сапарбек Тұяқбаев.

Сапарбек Тұяқбаев алматылықтарға препарат шұғыл қажет болған жағдайда Call-орталыққа хабарласа алатынын атап өтті.

"Адам препараттың қайда сатылып жатқанын білмесе немесе сол дәрі жақынының өмірін аман алып қалуы мүмкін деп ойласа және дәрігер оның зиян келтірмейтінін растаса, онда біз іздеуге көмектесеміз", - деді ол.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!