Мәжілісте премиум санаттағы көлік кортеждері мен 1001 раушан гүлі сыйланған мектеп бітіру кештері сынға алынды. Депутаттар мұны "мақтаншақтық парады" және талғамсыздық деп атады. Халық қалаулылары Қазақстандағы мектеп бітіру кештерінде "орынсыз даңғазалыққа" жол бермеу механизмін енгізуді талап етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Көлік кортеждері мен алып гүл шоқтары туралы
Қазақстанда мектеп бітіру кештері барған сайын әмиян жарыстыру мен көзбояушылыққа айналып барады. Мұндай мәлімдемені Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай жасады.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары мектеп бітіру рәсімі "тәрбиелік мазмұнынан" алыстаған. Мектеп бітіру кештері әлеуметтік бәсекенің, дарақылықтың және орынсыз даңғазалықтың көрінісіне айналды.
Мәжілісмен келесідей мысалдарды келтірді:
"Алматыда мектеп бітірушілердің кортежіне байланысты 21 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Ал Маңғыстау облысында түлектердің қымбат көліктермен шеру өткізіп, әлеуметтік желіде сән-салтанат насихаттаған видеосы тарады".
Амантай мектеп бітіру кештеріндегі алып гүл шоқтарын да атап өтіп, мұны оқушылар арасындағы "жарысқа" теңеді.
"Өкінішке қарай, мұндай бәсеке көптеген отбасыға ауыр психологиялық және қаржылық қысым түсіргені анық. Кейбір ата-ана баласы қатарынан қалмауы үшін қарыз алуға, бөліп төлеуге немесе сыйлық алуға мәжбүр болғанын ашық айтады. Бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін оңай болмайтыны белгілі", – деп есептейді мәжілісмен.
Сән-салтанатқа тыйым салына ма?
Депутат вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолдаған сауалында мектеп бітіру кештерін өткізудің бірыңғай стандартын әзірлеуді және ысырапшылыққа тыйым салуды ұсынды.
"Соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештерінде орынсыз тыс сән-салтанатқа, автокортеж бен қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеу бойынша нақты тетік енгізу керек. Мектеп бітіру мәдениетін қалыптастыру жөнінде тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеуді сұраймыз", – деді мәжілісмен.
Лимузин мінген бүлдіршіндер
Белгілі болғандай, Қазақстандағы пафосты мектеп бітіру кештерінің толқыны тек жоғары сынып оқушыларын емес, мектеп жасына дейінгі балаларды да шарпыған. Депутат Ирина Смирнованың айтуынша, бүлдіршіндерге арналған мерекелердің ауқымы мен шығыны өскееі соншалық, "той-думан мен шоуға" айналып кеткен.
"Бұл балалар арасында мақтаншақтық, менмендік идеологиясын, талғамсыз сән-салтанатты насихаттап, әлеуметтік шиеленіс пен теңсіздік тудырады", – деді ол.
Депутат әртүрлі өңірден мысалдар келтірді:
- 20 мамырда Астанада балабақша түлектері үшін ата-аналар қымбат лимузинді жалға алған.
- Жамбыл облысында балабақшамен қоштасу кеші нағыз той сияқты өтті – бүлдіршіндер үшін автокортеж, мейрамханада банкет және кәсіби әртістердің өнері ұйымдастырылған.
"Әлеуметтік желілерде мектеп бітіру, бастауыш сыныптарды, тіпті балабақшаны аяқтауға қатысты резонанстық фактілер тарап жатыр. Мәселен, 25 мамырда TikTok желісінде Ақтау мен Жаңаөзендегі бірнеше мектептің 11-сынып түлектері салтанатты шара үшін 10 премиум-класс көлігінен тұратын кортеж ұйымдастырғаны туралы видео жарияланды. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзу деректері де анықталды", – деп кейіді депутат.
Шымкентте 11-сынып бітірушілерінің біріне жасалған сыйлық желіде қызу талқыланды – қызға салтанатты рәсімде 1001 раушан гүлі салынған алып себетті әкеліп берген.
"Мектеп бітіру шараларынан түсірілген бейнематериалдар мәртебе мен қымбат атрибуттарды көрсету трендінің белең алып жатқанын аңғартады. Мұндай контент әлеуметтік желілерде белсенді тарап, шығындардың орындылығы мен шара форматының балалардың жасына сәйкестігі төңірегінде қоғамдық пікірталасқа арқау болып отыр", – деп есептейді депутат.
Оның пікірінше, бұл мектептердегі тәрбие жұмысы сапасының төмендегенін көрсетеді, өйткені мектепте балаларға үнемшілдік, теңдік, қарапайымдылық және ысырапшылық пен көзбояушылықтан бас тарту құндылықтары егілуі тиіс.
Депутат министр Аида Балаеваның атына жолдаған сауалында ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және "лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін қамтамасыз етуді" ұсынды.
Мән-жайы
Өткен аптада Қазақстанда соңғы қоңырау соғылды. Әлеуметтік желілерде бұл күнді "понт жәрмеңкесі" деп атап кетті. Құны 100–200 мың теңгеге дейін жететін алып раушан гүлдері басты трендке айналды. Тіпті гүл дүкендері мұндай гүл шоқтарын бөліп төлеуге ұсына бастаған.
Видеодан кадрлар
Мерекеден кейін желіде мектеп бітірушілердің қымбат гүл шоқтарын хабарландыру арқылы қайта сатпақ болғаны да талқыланып, көпшіліктің сыны мен келемежіне ұшырады.
Фото: әлеуметтік желілерден
Ал Жаңаөзенде сыныптардың бірі премиум-жолталғамайтын және спорттық көліктерден тұратын кортеж жалдаған. Сондай-ақ әлеуметтік желіде бұл колоннаға тікұшақ ілесіп жүргені туралы видео пайда болды, бірақ бұл нейрожелі көмегімен жасалуы әбден мүмкін.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Видео желіде тез тарап, қызу талқылау және түлектер мен олардың ата-аналарына қатысты сын толқынын тудырды.